Трактор тізгіндеген нәзік жан: Айгүл Сағынаеваның еңбекке толы өмір жолы

Трактор тізгіндеген нәзік жан: Айгүл Сағынаеваның еңбекке толы өмір жолы

Абай облысы, Жарма ауданының тұрғыны Айгүл Сағынаева 40 жасында көпшілік таңданар қадам жасап, тракторшы мамандығын меңгерді. Нәзік жандының мұндай шешім қабылдауына ауылдағы механизаторлардың тапшылығы мен өз шаруашылығын дамытуға деген талпынысы түрткі болған,-деп хабарлайды abaidan.kz  ақпараттық агенттігі. Айгүл трактор жүргізуді жолдасына қолғабыс болу үшін үйреніпті. Өйткені ауыр техниканы меңгерген мамандар ауылда аз. «Жұмысшы мамандығы» жылы аясында ашылған арнайы курста оқып, ауыл колледжінде тәжірибеден өткен ол енді шаруашылықтағы қыруар істі өзі-ақ тындырып жүр.

Айгүл Сағынаева – бала күнінен техникаға жақын болып өскен жан. Әкесі өмір бойы «К-700» тракторын тізгіндеп, механизатор болған. Сондықтан трактордың дауысы да, дала жұмысының қызуы да оған жат емес.

 Кәсіпті ер мен әйел деп бөлуге болмайды. Қазір тұрақты тракторист табу өте қиын. Сол себепті жұмыссыз ретінде тіркеліп, тракторшы мамандығын оқып алдым. Білім алып, тәжірибеден өттім. Қазір науқан кезінде кез келген жұмысты атқара аламын, – дейді трактошы Айгүл.

Алтай өңірінде туған ол кейін отбасымен Қазақстанға көшіп келіп, Семей қаласында жоғары экономикалық білім алған. Біраз жыл есепші, одан соң аспаз болып еңбек еткен. Қазір жолдасы Ерлан екеуі – ауылдық жерде мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған еңбекқор отбасы. Туыстары Айгүлдің арланбай, кез келген істі атқаратынына риза. Қайын атасы Нұртуған Сағынаев келінін мақтанышпен айтып:
 

Келінім жарайды! Қолынан бәрі келеді. Шаруашылықта көмектеседі, сиыр да сауады, трактор да айдайды, малға да қарайды, – дейді.

Өңірде техника мамандарына сұраныс жоғары. Абай облысында бүгінгі күні дәнекерлеуші, тракторшы, тігінші және шаштараз сияқты мамандықтарға сұраныс ерекше артқан. Осыған байланысты биыл 340 адамды оқыту жоспарланып, олардың 240-ы жаңа кәсіп меңгеріп, жұмыс тауып үлгерген. 

Облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсынның айтуынша, сұранысқа ие мамандықтардың толық тізімі жасалып, 12 оқу орнында арнайы курстар ұйымдастырылған. Қазір 200-ге жуық кәсіпорын қажетті мамандарға тапсырыс беріп отыр. Айгүлдің айтуынша, ауылда тынымсыз еңбек еткен адам ғана табысқа қол жеткізе алады. Екі баланың анасы бос уақытында да қарап отырмайды: сүт өнімдерін және шұжық дайындап сатады, бақша салып, өнім алады. Енді жолдасымен бірге шаруашылықты кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап жүр. Еңбекқор ана – ауыл шаруашылығының тірегі. Трактор тізгіндеген нәзік жанның оқиғасы – ауылдың дамуына үлес қосып, кәсіптің қандай түрі болсын игеруге ерік-жігер мен ықылас жеткілікті екенін дәлелдейді. Айгүл Сағынаева – еңбекке деген құрметтің, табандылық пен жігердің жарқын үлгісі.


#Абай облысы, #Жарма ауданы, #Жұмысшы мамандықтары жылы