Қоғам 84 қаралымabaidan.kz

Астанада оныншы Astana Media Week медиааптасы өтіп жатыр

Астанада оныншы Astana Media Week медиааптасы өтіп жатыр

2026 жылғы 14–16 қазан аралығында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында оныншы Astana Media Week медиааптасы өтуде. Мерейтойлық іс-шара мемлекеттік органдардың, қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының, технологиялық компаниялардың және кәсіби медиа қауымдастық өкілдерінің басын қосып, саланың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Биылғы медиааптаның негізгі тақырыптары – медианың трансформациясы, отандық контентті дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және ақпаратқа деген қоғамдық сенімді нығайту.

Астанада оныншы Astana Media Week медиааптасы өтіп жатыр

2017 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Astana Media Week содан бері Қазақстан мен Орталық Азия медиақауымдастығының халықаралық индустрия өкілдерімен кәсіби диалог орнататын дәстүрлі алаңына айналды. Оныншы маусым аясында қатысушылар соңғы жылдары медиасалада болған өзгерістерді саралап, тәжірибе алмасып, саланың болашақ даму бағыттарын талқылауда.

Медиааптаның басты оқиғаларының бірі – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық сессия. Онда заманауи ақпараттық ортадағы журналистиканың рөлі, жасанды интеллектті медиада қолдану мүмкіндіктері және аудитория сенімін сақтау тетіктері қарастырылуда.

Астанада оныншы Astana Media Week медиааптасы өтіп жатыр

Сессияға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат бірінші вице- министрі Қанат Ысқақов, Meta компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі өнімдерге қатысты мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Филип Чуа және Q.AI бас директоры Дмитрий Мун қатысуда. Кездесуді Euronews-тің Әзербайжандағы бюро басшысы әрі өңірлік коммуникациялар жөніндегі жетекшісі Надира Тюдор жүргізді.

Астанада оныншы Astana Media Week медиааптасы өтіп жатыр

Соңғы жылдары цифрлық платформалар ақпаратты өндіру мен тарату тәсілдерін, редакциялардың жұмыс моделін және аудиториямен байланыс орнату әдістерін айтарлықтай өзгертті. Ал жасанды интеллекттің дамуы жарияланатын материалдардың дұрыстығын тексеру, кәсіби стандарттарды сақтау және ақпарат үшін жауапкершілік мәселелерін алдыңғы қатарға шығарды. Осыған байланысты медиаапта аясында технологиялық жаңашылдық пен журналистік жауапкершіліктің арақатынасына ерекше назар аударылуда.

Astana Media Week бағдарламасында Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық ақпараттық кеңістікке қатысуы да маңызды орын алады. Jibek Joly / Silk Way, The Astana Times, Qalam Global, Euronews, AnewZ және басқа да медиа өкілдері шетелдік аудиторияға арналған контент әзірлеу, ағылшын тілді журналистиканы дамыту және халықаралық редакциялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауда.

Кездесулер барысында қазақстандық контенттің халықаралық деңгейде танылуын арттыру, өңірлік ақпараттық күн тәртібін кеңінен таныстыру және әлемдік медиамен кәсіби байланыстарды нығайту бағыттары қарастырылуда.

Іскерлік бағдарлама мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылы, өңірлік редакцияларды қолдау, отандық контент өндірісін дамыту және жарнама нарығының экономикасы секілді өзекті мәселелерді де қамтиды.

Астанада оныншы Astana Media Week медиааптасы өтіп жатыр

Медиааптаның практикалық бөлімі журналистер мен медиа саласының басқа да мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясындағы шеберлік сабақтары мен дәрістер ақпаратты тексеру, жасанды интеллект көмегімен көптілді хабар тарату, бизнес-аналитика, цифрлық шешімдер әзірлеу және онлайн платформалардағы медианы дамыту тақырыптарына арналған.

Бұл бағыттар мамандарға жаңа технологияларды жұмыс үдерісіне тиімді енгізуге, өзгеріп отырған аудитория сұранысына бейімделуге және цифрлық ортадағы кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.

Сонымен қатар мерейтойлық маусымда мамандық сабақтастығына басымдық берілуде. Astana Media Week тәжірибелі журналистер мен жас мамандар арасында білім алмасуға, халықаралық тәжірибені меңгеруге және бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Бұған дейінгі медиаапталарға қатысқан бірқатар маман бүгінде алаңға редакция басшылары, медиа негізін қалаушылары және спикерлер ретінде қайта оралуда.

Үш күнге жоспарланған Astana Media Week 16 қазанда QAZAQSTAN MEDIA AWARDS салтанатты рәсімімен аяқталады. Іс-шара аясында медиа саласындағы кәсіби жетістіктер мен журналистиканың дамуына үлес қосқан мамандардың еңбегі атап өтіледі.

Оныншы Astana Media Week – медианың соңғы он жылдағы өзгерістерін саралап қана қоймай, оның алдағы даму бағдарларын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды кәсіби алаң. Жасанды интеллект дәуірінде сапалы контент өндіру, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету және қоғам сенімін сақтау мәселелері медиа саласының басты басымдықтары болып қала береді.