Қоғам 70 қаралымabaidan.kz

Қазақстанда автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды

Қазақстанда автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды

Қазақстанда автожол саласын реформалау, жол құрылысының сапасын арттыру және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту бағытында үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Жол активтері сапасының ұлттық орталығының (JolSapa) өкілдері де енді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен құрылған жұмыс тобы жол құрылысының қолданыстағы жүйесін, сапаны бағалау тәсілдері мен техникалық стандарттарды қайта қарастырады.

Реформаның негізгі бағыттары қатарында жол инфрақұрылымын басқарудың жаңа тетіктерін енгізу, цифрлық шешімдерді дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру мәселелері бар.

Жұмыс тобына Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, көлік саласындағы ұйымдардың, Жол активтері сапасының ұлттық орталығының, «ҚазАвтоЖолдың», «ҚазМұнайГаздың» өкілдері, сарапшылар мен Құрылтай депутаттары кірді.

Үкімет басшысы жұмыс тобына 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін автожол саласын түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ұсыныстарда заңнаманы жетілдіру шаралары да қамтылуы тиіс.