Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға дайындық және 2025–2026 жылдары жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары қаралды.

Кеңеске облыстық басқармалар мен өңірлік департаменттердің басшылары, сондай-ақ аудан және қала әкімдері қатысты. Жиында жауапты сала өкілдері атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.
Қазіргі таңда Абай облысындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Өңірде 210 көпір мен 3329 су өткізгіш құбыр бар. Қыс мезгілінде жолдардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қажетті дайындық шаралары қолға алынған.
Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 91 арнайы техника жұмылдырылады. Биыл мердігер ұйымдар 30 техниканы жаңартқан. Сонымен қатар қысқы маусымға қажетті материалдық қор жасақталған. Атап айтқанда, 200 тонна тұзды ерітінді, 3200 тонна құм, 2500 тонна елеу қалдығы, 2000 тонна бензин және 2000 тонна дизель отыны дайындалған.
Аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазарту жұмыстарына 242 арнайы техника тартылмақ. Бұл бағытта тоғыз аудан мен Курчатов қаласында коммуналдық мекемелер және 29 қосымша ұйым жұмыс істейді. Ал Семей қаласының көшелерін қысқы кезеңде күтіп ұстауға 131 арнайы техника жұмылдыру жоспарланған.
Жиында қар басу қаупі жоғары жол учаскелерінің жағдайы да сөз болды. Облыстық маңызы бар жолдарда осындай 10 учаске анықталған. Олардың бойына ұзындығы 12 шақырымнан асатын қар тоқтатқыш қалқандар орнатылғанымен, шамамен 40 пайызы тозған. Биыл үш учаскеде жалпы ұзындығы 700 метр қалқан қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, «Көкпекті – Преображенка – облыс шекарасы» автожолының қар жиі басатын бөлігінде тағы 200 метр қалқан орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының 970-шақырымындағы «Байбура» асуында жылыту бекеті жаңғыртылды. Жоба аясында жолаушыларға арналған жылыту орны, арнайы техникаға арналған ангар, санитарлық торап және төтенше жағдай кезінде тікұшақ қонатын алаң қарастырылған.

Облыс әкімі Берік Уәли қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапты мекемелердің басты міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, төтенше жағдай орын алғаннан кейін әрекет етуден гөрі, оның алдын алу шараларына басымдық беру қажет.
Осыған байланысты жауапты басқармаларға, қала және аудан әкімдеріне жолдарды қардан уақтылы тазарту, арнайы техниканың дайындығын қамтамасыз ету, көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті қорын қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар қар басу қаупі жоғары учаскелерде алдын алу жұмыстарын күшейту, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды бірінші кезекте тазарту және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды арттыру міндеттелді.

Төтенше жағдайлар кезінде тиісті қызметтердің өзара үйлесімді жұмыс істеуі, тұрғындарды жолдардың жай-күйі туралы жедел хабардар ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі де айтылды.

Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2025–2026 жылдары жүргізілген мемлекеттік аудиттердің қорытындылары. Бұл бағытта қаржы басқармасы мен тексеру комиссиясының өкілдері баяндама жасады.
Аудит нәтижелерін талқылаған облыс әкімі анықталған кемшіліктерді жою, бухгалтерлік есепті цифрландыру жұмыстарын жандандыру, бюджетті жоспарлау және оның мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Кеңейтілген аппараттық кеңесте көтерілген мәселелер бойынша жауапты мекемелерге тиісті міндеттер жүктелді. Облыс басшысы қысқы маусымда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау жұмыстары тұрақты назарда болуы керектігін атап өтті.
