Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 65 қаралымabaidan.kz

Абай облысында шомылу маусымы аяқталды

Абай облысында шомылу маусымы аяқталды

Абай облысында шомылу маусымы аяқталды. Маусым барысында өңірдің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Жамбыл Джабаев мәлімдеді.

Абай облысында шомылу маусымы аяқталды

Жамбыл Джабаевтың айтуынша, облыс аумағында тұрғындардың шомылуына арналған 16 орын белгіленген. Дегенмен, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан қайғылы жағдайлар да орын алған.

Шомылу маусымы басталғалы бері облыстың су айдындарында 12 адам суға батып кеткен. Олардың арасында 4 кәмелетке толмаған бала бар. Сонымен қатар құтқарушылар 26 адамның өмірін сақтап қалды, олардың 7-еуі – балалар.

Мамандардың айтуынша, судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан және арнайы жабдықталмаған, шомылуға тыйым салынған жерлерге барудан болған.

Қауіптің алдын алу мақсатында өңірде профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылды. Жұмыстарға 100-ден астам құтқарушы жұмылдырылып, 17 мобильді және 30 жаяу патруль құрылды. Рейдтік іс-шаралар барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қатысты 88 әкімшілік хаттама толтырылды.

«Профилактикалық жұмыстарға 100-ден астам құтқарушы жұмылдырылып, 17 мобильді және 30 жаяу патруль ұйымдастырылды. Рейдтер барысында қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға қатысты 88 әкімшілік хаттама толтырылды», – деді Жамбыл Джабаев.

Құтқарушылардың айтуынша, шомылу маусымының аяқталуы су айдындарындағы қауіптің толық сейілгенін білдірмейді. Алдағы аңшылық және балық аулау маусымына байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет.

Әсіресе ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау ескертіледі. Күз мезгілінде ауа температурасының төмендеуіне байланысты өзен-көлдерде жұқа мұздың қату қаупі артады. Мұндай мұз адам салмағын көтере алмай, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды су айдындарында барынша сақ болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.