Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 25 қаралымabaidan.kz

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

35 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Сол тарихи шешім Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы бағытын айқындап қана қоймай, әлемге бейбітшіліктің үнін естіртті. Бүгінде бір кездері атом жарылыстары дүр сілкіндірген Семей даласында сол қасіретті жылдар еске алынып, бейбіт болашаққа деген сенім қайта жаңғырды.

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған Бейбітшілік акциясы өтті.

Тағылымды шараға облыс әкімі Берік Уәли, қоғамдық ұйым өкілдері, шетелдік қонақтар және қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойып, ядролық сынақтар салдарынан қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

456 жарылыс – халық жадындағы 40 жыл

Семей полигонының тарихы – адамзаттың ядролық қарудың қаншалықты алапат күшке ие екенін ұғындырған қасіретті шежіре.

40 жылға жуық уақыт ішінде мұнда 456 ядролық жарылыс жасалды. Әр жарылыстың артында мыңдаған адамның тағдыры, талай отбасының қайғысы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ауыр зардап тұрды.

Ядролық сынақтар Семей өңірінің табиғатына ғана емес, халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына да орасан зиян келтірді. Сондықтан полигонның жабылуы – күнтізбедегі кезекті дата емес, тұтас халықтың тағдырына қатысты тарихи бетбұрыс.

Акция барысында облыс әкімі Берік Уәли Семей полигонының жабылуы Қазақстанның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы тарихи таңдауын айқындағанын атап өтті.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы датаға орай жариялаған үндеуіндегі маңызды ойларға тоқталды. Президент өз үндеуінде Семей полигонында ондаған жыл бойы жүргізілген сынақтардың халық денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіргенін атап, бұл күннің бүкіл адамзат үшін маңызын айрықша бағалаған.

«Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы – өткен қасіретке тағзым етумен қатар, бейбітшілікке деген сенімімізді жаңғыртатын тарихи белес», – деді Берік Уәли.

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

Қасіреттен – жасампаздыққа

Семейдің бүгінгі келбеті өткен тарихпен ғана өлшенбеуі тиіс. Облыс әкімі атап өткендей, кеше ядролық сынақтардың зардабын тартқан өлке енді ғылым мен білімнің, жаңа технологиялар мен инновацияның дамуына жол ашатын заманауи орталыққа айналуы қажет.

Бұл – Семейдің жаңа тарихи миссиясы.

Полигонның жабылуына 35 жыл толуына байланысты өңірде бірқатар ғылыми-танымдық және мәдени іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Олардың әрқайсысы өткенді еске алумен қатар, бүгінгі ұрпаққа бейбітшіліктің бағасын түсіндіруге бағытталған.

Құрман Аймұхамбетовтың «Ағашқа қашалған аманат» және Қоңыр Мұхамадиевтің «Жаралы дала» атты жеке шығармашылық көрмелері ашылды. Өнер арқылы суретшілер Семей даласының жарасын, халықтың қасіретін және өмірге деген үмітін жеткізді.

Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми форум өтіп, ғалымдар мен сарапшылар ядролық сынақтардың тарихи сабақтары мен бейбітшілік мәселесін талқылады.

Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта «Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі 35 жыл: ядролық сынақтардан – бейбіт атом ғылымына» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Яғни Семейдің тарихы бір ғана сөзбен – «полигон» деген ұғыммен шектелмейді. Оның жаңа тарихы енді ғылыммен, технологиямен, біліммен және бейбіт атомды игерумен сабақтасып келеді.

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

Халық үнін жеткізген тұлға

Бейбітшілік акциясында Семей полигонының зардабын ашық көтеріп, антиядролық қозғалысты қолдаған мемлекет және қоғам қайраткері Кешірім Бозтаевтың еңбегі де ерекше аталды.

Ол Семей жеріндегі ядролық сынақтардың зардабын тоқтату жолында батыл азаматтық ұстаным танытып, халықтың үнін билік мінберіне жеткізген тұлғалардың бірі болды.

Жақында Кешірім Бозтаев қызмет атқарған әкімдік ғимаратындағы мәжіліс залдарының біріне оның есімі берілуі – ел тарихындағы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.

Өлімнен күшті – халықтың рухы

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументінің атауының өзінде Семей халқының тағдыры жатыр.

Бұл ескерткіш – ядролық сынақ құрбандарына қойылған белгі ғана емес. Ол қасіретке қарамастан өмірді таңдаған, зұлматқа мойымаған халықтың рухын бейнелейді.

35 жыл бұрын полигонның жабылуы әлемге бір маңызды ақиқатты көрсетті: бейбітшілік – әлсіздіктің емес, саналы таңдау мен берік ерік-жігердің нәтижесі.

Бүгінде Семей даласында жарылыстардың үні жоқ. Оның орнына балалардың күлкісі, ғылымның үні, жасампаздықтың тынысы естіледі.

Жарылыстар үнсіз қалғанына 35 жыл: Семей даласы бейбітшілікке бет бұрды

Акция соңында қатысушылар балалардың бейбітшілік тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстарын тамашалады. Бұл көрініс бір ойды айқын аңғартты: ядролық қасіреттің тарихы өткеннің еншісінде қалуы керек, ал бейбітшілік идеясы болашақ ұрпақтың басты құндылығына айналуы тиіс.

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл – қасіретті еске алатын ғана емес, бейбіт болашақтың бағасын бағамдайтын тарихи белес.