Жылу маусымы Абай облысында 15 қазанда басталады
Абай облысы мәслихатының кезекті сегізінші сессиясында қысқы кезеңге дайындық мәселесі талқыланды. Жылу беру кезеңіне су құбыры мен кәріз желісі, білім беру және денсаулық сақтау нысаны 100% дайын,-деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі.
Қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жұмыстары 5 қазанға дейін аяқталады деп жоспарланған. Өңірде жылыту маусымы 15 қазанда басталады.
Қазіргі таңда Курчатов қаласында қазандықты жөндеу, жылу желілері мен мұржаларды ауыстыру жұмыстары аяқталды. Абай ауданында қазандықтарды ауыстыру және Қарауыл ауылындағы жылу жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аягөз ауданында орталық қазандық пен жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, бүгінде теміржол тұйықтарында 12 мың тонна көмір қоры бар және оны жеткізу уақытылы іске асып отыр. Өңірде теміржол бойларындағы көмірдің құны 12,7 мың теңгеден 18,5 мың теңгеге дейін жетеді.
Жылыту маусымына дайындық кезінде қазылған жолдарға асфальт төселеді. Жөндеу жұмыстары ауа-райының қолайсыз жағдайына байланысты уақытша кейінге қалдырылды, бірақ жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады.
#Семей, #Абай облысы, #жылу маусымы