Ел тағдырын айқындайтын реформа
Бірнеше күн бойы Астанада өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысына қатыстым. Комиссия отырыстарында еліміздің болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды мәселелер талқыланып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының алғашқы жобасы қаралды. Бұл құжат – соңғы алты ай бойы қоғамда жүргізілген кең көлемді талқылаулар мен ұсыныстарды жүйелеудің нақты әрі маңызды нәтижесі. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбек жазды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Айьуынша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер кездейсоқ қабылданып отырған жоқ. Соңғы жылдары қоғам тарапынан биліктің ашықтығына, мемлекеттік шешімдердің жедел қабылдануына және жауапкершіліктің артуына деген нақты сұраныс қалыптасты. Осы қоғамдық қажеттілікті ескере отырып, Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияны кешенді жаңарту жұмысы қолға алынды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның негізгі мәні мен мақсаты да – осы.
Жаңа жобаға сәйкес, Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Конституцияның жаңа редакциясы 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Сонымен қатар, екі жаңа бөлім енгізіліп, бірнеше бөлімнің атауы қайта қаралады. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайтуға бағытталған.
Атап өту қажет, Конституцияның жаңа жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен 2 мыңнан астам ұсыныстың негізінде әзірленді. Бұл – қоғамның белсенді қатысуымен жасалған, ел тарихындағы ең ірі конституциялық жаңғыртулардың бірі. Мұндай ашық әрі инклюзивті тәсіл қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, халық сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Конституциялық реформаның түпкілікті нұсқасы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл – қабылданатын өзгерістердің заңдылығын, ашықтығын және халық еркіне толық сай болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам. Әрбір азаматтың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуы – демократиялық қоғамның басты көрсеткіші.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған конституциялық реформа Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға және еліміздің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған тарихи маңызы бар бастама деп есептеймін,-дейді мәслихат төрағасы.
#мәслихат, #Ұлттық Құрылтай, #Конституциялық реформа