Қазақстанның цифрлық болашағы: жасанды интеллектіні дамытудағы жүйелі мемлекеттік стратегия
Қазақстан Мемлекет басшысының жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға қатысты ұстанымы елдің жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде орнығуына бағытталған ұзақ мерзімді әрі жүйелі стратегияны айқындайды. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау – бұл саланың ұлттық даму басымдықтарының бірі екенін институционалдық деңгейде бекіткен маңызды шешім,-дейді Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Алиби Абдураймов.
Президент атап өткендей, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – қазіргі заман талаптарына сай өркениетті мемлекет қалыптастырудың негізгі шарты. Қазақстанда бұл бағытты дамытуға қажетті бастапқы алғышарттар қалыптасқан. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, қаржы технологияларының қарқынды дамуы, ІТ-стартаптарды қолдау экожүйесі және Astana Hub инновациялық кластерінің табысты жұмысы соның айқын дәлелі. ІТ-қызметтер экспорты көлемінің бір миллиард АҚШ долларына жуықтауы цифрлық экономиканың нақты нәтижелер бере бастағанын көрсетеді.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту бүгінгі таңда геосаяси және геоэкономикалық бәсекенің маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық жарыс аясында Қазақстанның бұл үдерістен шет қалмауы – ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Жасанды интеллектіні институционалдық тұрғыдан дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар кешенді сипатқа ие. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің құрылуы, «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы, салалық министрліктің құрылуы және суперкомпьютерлік инфрақұрылымның іске қосылуы – мемлекеттік саясаттың бұл бағытта жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар деректерді жинау мен талдаудың күшеюі цифрлық экономиканың негізгі ресурсы саналатын мәліметтерді тиімді пайдалануға жол ашады.
Адами капиталды дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында енгізіліп жатқан жаңа білім беру бағдарламалары, AI-Sana жобасы аясында жүздеген мың студенттің қамтылуы және мамандандырылған зерттеу университетін ашу жоспарлары – болашақ білікті кадрлар даярлауға бағытталған нақты қадамдар.
Осыған байланысты Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Алиби Абдураймов Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға қатысты ұстанымын жоғары бағалай отырып, бұл бастамалар елдің инновациялық әлеуетін арттырып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, цифрландыру мен жасанды интеллектіні жүйелі түрде дамыту Қазақстанды аймақтағы технологиялық көшбасшылардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстанның цифрлық трансформация жолындағы стратегиялық бағытын айқындап, елдің тұрақты экономикалық өсімі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге берік негіз қалайды.
#Абай облысы, #ҚР Президенті, #жасанды интеллект, #цифрландыру