Абай облысынан табылған алтын бұйымдар өлкетану музейіне тапсырылды
Аягөз маңындағы көне қорғаннан археологтар бағалы металдан жасалған тақтайшалар, жануарлардың мүсіндері және ұсақ моншақтар тапты. Бүгін Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне жәдігерлерді тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Ғани Омаров бұл жәдігерлердің өңір тарихы үшін бірегей және аса құнды екенін айтты.
«2021 жылдан бері Мәдениет министрлігінің гранты бойынша Аягөз ауданында салааралық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Екі жылдың ішінде бұрын беймәлім болып келген 100-ге жуық археологиялық нысанды – қорғандарды, қоныстарды, жартастағы бейнелерді анықтадық. Өткен жылы қола дәуірінің екі қоршауына, ал өткен жылы үш қорғанға қазба жұмыстарын жүргіздік. Қорғандардың бірі ақсүйектерге тиесілі, б.з.б. 8-9 ғасырлар – ерте дәуірдегі сақ қорғандарының бірі», - дейді археолог.