Абай облысында мәдени шаралардың мәні артып келеді

Абай облысында мәдени шаралардың мәні артып келеді

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өңірде мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

Қазіргі таңда облыста 296 мәдениет, тіл және архив мекемесі жұмыс істейді. Мәдениет, өнер мекемелерінде 2 194 қызметкер еңбек етуде, олардың 1 358-і ауылдық елді мекендерде, ал 836-сы қалалардағы мәдениет ұйымдарында қызмет атқарады.

– Ағымдағы жылдың 9 айында облыс көлемінде ұлттық өнер мен руханиятты дәріптейтін бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Адай Азаматовтың 70 жылдық шығармашылық кеші, ақын Төлеген Жанғалиевтің 75 жылдық мерейтойы, композитор Олег Жанияровтың 80 жылдығына арналған концерт және Мәдениет Ешекеев атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы ұйымдастырылды, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауына 10 ауданнан 1500-ге жуық өнерпаз қатысып, үздіктер марапатталды. Бас жүлде Абай ауданына табысталып, барлық қатысушыларға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді.

– Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында облыс бойынша 100-ге жуық мәдени, ғылыми және спорттық іс-шара өткізілді. 10 тамызда Қарауылтөбеде өткен басты мерекелік жиынды 50 мыңға жуық көрермен тамашалады. Сондай-ақ театр және музыка саласы да қарқынды дамуда. Мәселен, Абай атындағы театр 9 айда 157 спектакль қойып, 39 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Театрдың екі труппасы халықаралық фестивальдерде Гран-при иеленді. Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония 85 концерт өткізіп, 24 мыңға жуық көрерменге рухани сый тартты, – деп қорытындылады спикер.


#Абай облысы, #мәдениет