«Әке тәлімі – бала бойтұмары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Абай облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Әкелер күні» мерекесіне орай «Әке тәлімі – бала бойтұмары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі. Шара бала тәрбиелеуде әкенің рөлін арттыру, қоғам мен отбасы байланысын нығайту, отбасында сыйластық, мейірімділік, татулық, адамгершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Әлемнің көптеген елінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Әкелер күні» биыл елімізде ресми мереке ретінде маусымның үшінші жексенбісіне белгіленген.
Достық үйінде өткен дөңгелек үстелге қоғамдық және этномәдени бірлестіктер ұйымдарының өкілдері мен жастар қауымы қатысты. Сонымен қатар, шараны бастап берген Абай облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов, қатысушыларды әкелер күнімен құттықтап, жиынның басты мақсатын атап өтті.
- Биыл «Әкелер күні» ресми түрде елімізде екінші рет аталып өтілуде. Былтыр мерекеге орай облысымызда Әкелер форумы ұйымдастырылған болатын. Осы жылы да сол дәстүрден жаңылмай түрлі іс-шаралар жоспарланған. 13-16 маусым аралығында облыс көлемінде 90-нан астам түрлі танымдық шаралар өткізілетін болады. Ең негізгі мақсатымыз қоғам мен отбасындағы әкенің рөлін нығайту-деп атап өтті Басқарма басшысының орынбасары.
Әкеден баланың алатын тәлім-тәрбиесін басқа ештеңе де ауыстыра алмайды. Осы тұрғыда әр ұлттың бала тәрбиесіндегі құндылықтары жайында ақсақалдар, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен жастар өкілдері өз ойларын ортаға салды. Жиын соңы, бар жүкті жотасымен көтеріп, аманатын абыроймен атқарған «Әкелер күні, құтты болсын!», - деген жақсы көңіл-күйде аяқталды.
#Абай облысы, #бала, #Ішкі саясат