Бозтаев көшесі 128 а үйінің тұрғындары Наурыз мейрамын атап өтті
Қаланың сол жағалауындағы Бозтаев көшесі 128 а үйінің тұрғындары айттың алғашқы күнінде Наурыз мейрамын ұйымдастырды. 30 жылдан астам уақыт бойы бір шаңырақ астында бірге тұрып жатқан тұрғындар үшін бұл күн тарихи мәні бар оқиға десе болады. Тұрғындардың бірлігі мен ынтымақтастығы арқасында Наурыз мерекесі ұмытылмас сәтке айналды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Мерекеге Абай облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай, Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев, қалалық мәслихат депутаты Асқар Абдуллин, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Ғапуов, қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Диана Шаяхметова, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері Қаныш Төлеуов, Әділжан Құдайбергенов, Ерлан Кеңесбаев, Айнагүл Нұртазина,Эльмира Жүрсінбекқызы және БАҚ өкілдері қатысты.

Наурыз мейрамын атап өту үшін 9 қабатты үйдің тұрғындары ерекше тәсіл таңдады. Есік алдына киіз үй тігіп, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға тырысты. Әрбір тұрғын өз үйінен арнайы тағамдар әкеліп, үлкен дастархан жайылды. Наурыз көже дәстүрлі түрде дайындалып, барлық қатысушыларға ұсынылды. Көпқабатты үйдің әрбір тұрғыны дәстүрге сәйкес бірлесіп, бір дастарханның айналасына жиналды.

Мереке барысында тұсау кесу рәсімі өткізілді. Бұл жоралғы жас баланың жолы болар, ұзақ ғұмыр кешер деген тілекпен жасалды.

Сонымен қатар, тұрғындар арасында ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Балалар мен үлкендер бірге асық атып, арқан тарту сияқты ойындар ойнап, Наурыз мерекесінің шырайын ашты. Тұрғындардың бірігіп өткізген Наурыз мейрамы қаланың көпқабатты үйінде шын мәнінде ерекше болды. Олар тек мереке өткізбей, бір-біріне қолдау көрсетіп, дәстүрді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға ұмтылды. Мұндай іс-шаралар үй тұрғындарының арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, достықты арттыра түсетіні сөзсіз.






Бұл Наурыз мейрамы тек мереке ғана емес, сонымен қатар көпқабатты үйдің тұрғындарының бір-біріне деген сыйластығын, ынтымақтастығын және ұлттық мәдениетті құрметтеуін көрсететін үлгі боларлықтай шара болды.