Дана Алмасова ақшасын аямай жұмсайтын ТОП-5 нәрсе

Дана Алмасова ақшасын аямай жұмсайтын ТОП-5 нәрсе

Ұлттық сұлулық байқауында жеңіске жету – тек сыртқы сұлулық қана емес, жан дүниенің байлығы мен өз-өзіне деген жауапкершіліктің де белгісі. «Ғалам Аруы Қазақстан 2024» атағының иегері Дана Алмасова – жан-жақты: ол биыл Түркияда университетті аяқтады, спортпен белсенді шұғылданады және өзін дамыту мен күтім жасауға саналы түрде қарайды. Бұл сұхбатта ол ақшаны аямай жұмсайтын бағыттарын атап берді.

Ақшаға деген қарым-қатынас: құрмет пен жауапкершілік

«Мен ақшаға құрметпен қараймын – біраз жылдан бері жұмыс істеп келемін, сондықтан оның қандай еңбекпен келетінін жақсы түсінемін. Өзімді тым үнемшілмін деп айта алмаймын: кейде «қазір және осы сәтте» деген сезіммен сатып алатын заттарым болады. Бірақ сонымен бірге болашақты да естен шығармаймын: ай сайын белгілі бір соманы жинап, қаржылық қауіпсіздік жастығымды қалыптастырып жүрмін».

Бұндай тәжірибені қаржылық сауаттылық пен тепе-теңдікті сақтай білудің нақты үлгісі деп білуге болады.

Дана ешқашан ақша аямайтын ТОП-5 бағыт

1. Өзін күту

Дана сапалы күтімге қаржы аямайтынын жасырмайды. Оның пікірінше, тері – ішкі жай-күйдің көрінісі, ал негізгі күтім тек сыртқы келбетке емес, сонымен қатар жинақы сезінуге де көмектеседі. Оның күтім арсеналында сенімді брендтер, ылғалдандырғыштар, күннен қорғайтын құралдар мен тұрақты процедуралар бар.

«Күтім жасау – бұл негіз. Өзіңе қамқорлық қарапайым нәрседен басталады: жуыну, ылғалдандыру, теріге көңіл бөлу. Бұл еркеліктен емес, күнделікті тәртіптен тұратын әрекет. Мен үшін бұл – өзіңе және тәніңе деген құрметтің бір түрі».

2. Білім 

«Өзін дамыту – белгілі бір кезең емес, үнемі жүретін үрдіс деп есептеймін. Жаңа білім алуға тырысамын, курстарға қатысып, кітап оқимын. Соңғы өткен курсым шешендік өнерге арналды – ол маған көпшілік алдында өзімді сенімді ұстауға көмектесті».

3. Тамақтану

«Жыл өткен сайын азық-түлік сапасына және тамақтану мәдениетіне бұрынғыдан да көбірек мән беріп келемін. Маған әрі көзге, әрі ағзаға жағымды тағам ұнайды. Бұл – денсаулыққа, қуатқа және көңіл күйге салынған инвестиция, өйткені біз – жеген асымызыдың көрінісіміз», – дейді Дана. Ол жай ғана “дұрыс тамақтануға” тырыспайды, тағамға деген саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат етеді: құрамын зерттейді, маусымдық өнімдерді таңдайды, жеткілікті мөлшерде су ішеді. Дана үшін тамақтану – шектеу емес, жайлылық пен өзін жақсы көрудің көрінісі болуы керек. Оның көзқарасында теңгерімді тамақтану – физикалық саулықтың да, эстетиканың да бір бөлігі.

4. Сырт келбет

Дана фитнес-залдары мен сұлулық салондарына барудың өзі үшін қаншалықты маңызды екенін және неліктен жаңа киімге қаражат аямайтынын айтып берді:  «Мен үшін ұқыпты көріну және өзімді сенімді сезіну өте маңызды. Бұл – спортпен айналысу, сұлулық салондарына бару, сапалы киім таңдау сияқты күнделікті дағдыларды қамтиды. Сыртқы келбет – ішкі күйдің айнасы. Адам өзіне көңіл бөлген сайын, бойында шабыт пен күш-қуат пайда болады. Мен үшін сұлулық – тек сыртқы келбет емес, ол өзіңді әлемге қалай таныстыратының, қалай алып жүретінің. Бұл – өзіңе деген құрмет, ішкі қадір-қасиет және ұсақ-түйекке дейін мән беру мәдениеті».

5. Саяхат

«Әрбір сапар – жай ғана демалыс емес, шабыттың қайнар көзі. Әлем өте үлкен. Маған жаңа мекендерді, мәдениеттер мен көзқарастарды ашу ұнайды. Мен үйге әрқашан жаңарған күйде, жаңа ойлармен, идеялармен және әсерлермен ораламын. Адамдардың әлемнің әр түкпірінде қалай өмір сүретінін, өздерін өнер мен дәстүр арқылы қалай таныстыратынын бақылау мен үшін қызықты». Дана Монтенегро, БАӘ және Түркия елдерінде болған, алда көптеген жаңа әрі таңғажайып саяхаттар күтуде.

Кішкентай қуаныш – ұсақ-түйекте

Дананы ерекше қуантатын бір кішкентай нәрсе бар. Бұл хош иісті шам да емес, тіпті бір аяқ кофе де емес. «Мен үшін күннің кішкентай, бірақ тұрақты қуанышы – Б.Ю. Александровтың глазурленген сүзбелері. Күнім қанша қарбалас болса да, бұл тәттілер көңілімді көтеретіні рас».

Үнемдеуге болмайтын ең басты нәрсе

Дана ішкі тыныштықты өмірдегі үйлесімнің басты негізі деп есептейді. Оның пікірінше, менталдық әрі эмоциялық денсаулыққа салынған инвестиция –ең құнды әрі үнемдеуге болмайтын бағыттардың бірі. «Адам әлемге нені көрсетсе – соның бәрі ішкі дүниеден басталады. Сол себепті ішкі тепе-теңдікті сақтау мен менталды саулыққа қамқорлық жасау – аса маңызды».

Саналы тұтыну – үнем емес, басымдықтарды дұрыс анықтау. Дана Алмасованың тәжірибесі көрсеткендей, қарапайым күнделікті шығындардың өзі өмір сапасына, өзіне деген сенім мен жан тыныштығына үлкен үлес қосуы мүмкін. Кейде өзімізге бір ғана сұрақ қою жеткілікті: бұл шығын мені жақсырақ адамға айналдыра ма?


#байқау