Семейде жыл сайынғы дәстүрлі татар мерекесі «Сабантой» тойланды
Семей қаласының Бейбітшілік аралында татарлардың дәстүрлі «Сабантой» мерекесі тойланды,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі өңірлік коммунткациялар қызметіне сілтеме жасап. Шара барысында қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов ынтымағы мен берекесі жарасқан татар халқын бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтай отырып, еліміздің дамуы мен нығаюына сүбелі үлес қосып жүргендерге өз алғыс, құрметін білдірді.
- Құрметті қонақтар! Бүгінгі мереке, достық пен бірлікті ұлықтайтын мереке. Бүгін ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін күн. Бұл күні біз халқымыз жеткен жетістіктерімізді атап өтіп, болашаққа сеніммен қараймыз. Ежелден келе жатқан ойындар мен жарыстар, ән мен күй, би мен жыр сабантойдың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Бір тұтас шаңырақ астында бас қосқан 130-дан астам ұлт өкілдері бұл күнді ерекше атап өтеді. Халқымызды бірлік пен достыққа, тұрақтылық пен тату тірлікке шақыратын бұл мерекенің біз үшін маңызы зор! Көп ұлтты халқымыздың жасампаз еңбегі мен ынтымағы жасай берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деп атап өтті қала әкімі.
Сонымен қатар, Татарстан Республикасының президенті Рустам Нургалиевич Миннихановтың құттықтау хаты оқылды.
Атаулы іс-шарада Семей мен Татарстанның көркемөнерпаздар ұжымдары мен кәсіби эстрада әртістерінің қатысуымен ауқымды концерттік-театрландырылған қойылым өткізілді. Татар халқының ән-жырлары шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, сүлгілер күресі – "Татарша күрес", тік бағанаға өрмелеу, бөренелерде қаппен күресу, қаппен жылдамдыққа жүгіру, шелектермен жылдамдыққа су тасу, қасықтағы жұмыртқамен жүгіру және тағы басқа әр түрлі ұлттық ойындар мен жарыстар өтіп, белсенді қатысқан жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.
Сондай-ақ, татар-башқұрт халықтарының ұлттық тағамдары, викториналық сұрақтар, әртүрлі тақырыптағы көрмелері ұсынылды.