Абай облысының Аягөз ауданында таулы әрі жетуі қиын жерлерде құрғақ шөптің жануына байланысты өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
2026 жылғы 10 қыркүйекте сағат 11:13-те Аягөз ауданы Тарбағатай ауылдық округіне қарасты Қазанкемір учаскесінде таулы жерде құрғақ шөп тұтанған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 200 гектарды құрады. 11 қыркүйекте сағат 12:20-да аталған өрт толығымен сөндірілді.
Алайда 11 қыркүйекте сағат 12:35-те Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылдық округінің Арасан учаскесінде тағы да құрғақ шөптің жануы тіркелді. Өрт таулы, жетуі қиын аумақта орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, жану аумағы шамамен 700 гектарды құрайды.
Қазіргі уақытта өрт аумағында жекелеген жану ошақтары сақталуда. Оларды сөндіру және өрттің әрі қарай таралуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өртті сөндіруге жалпы 263 адам мен 55 бірлік техника жұмылдырылған. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінен 123 адам және 32 техника, жергілікті атқарушы органдардан 120 адам және 20 техника, орман шаруашылығынан 20 адам және 3 техника тартылған.
Мамандардың мәліметінше, елді мекендерге қауіп жоқ.
Қазіргі таңда өртті толықтай сөндіру жұмыстары жалғасуда.





