Абай облысында тәуелсіз байқаушыларға арналған онлайн оқыту жұмыстары өтті

Абай облысында тәуелсіз байқаушыларға арналған онлайн оқыту жұмыстары өтті

«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының Абай ауданы, Жарма ауданы және Семей қаласының капитандары тәуелсіз байқаушыларға арналған онлайн форматтағы оқыту кездесуін ұйымдастырды. Бұл шараның негізгі мақсаты – байқаушылардың құқықтық білімін жетілдіру, сайлау процесіндегі рөлі мен жауапкершілігін нақтылау және қоғамдық бақылаудың сапасын арттыру.

Кездесу барысында қатысушыларға байқаушылардың құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде бақылау жүргізу тәртібі, заң талаптарын сақтау, дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Оқыту барысында байқаушыларға дауыс беру күні атқаратын негізгі әрекеттердің алгоритмі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Атап айтқанда, учаске ашылған сәттен бастап дауыс беру аяқталғанға дейінгі кезеңдегі бақылау тәртібі, дауыс санау процесін бақылау, сайлау комиссияларының жұмысына заң аясында қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар, хаттамалармен жұмыс істеу тәртібі, бақылаушылардың ескертулер мен ұсыныстар енгізу мүмкіндіктері, сондай-ақ туындауы мүмкін түрлі жағдайларда заң талаптарына сәйкес әрекет ету жолдары нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелік тұрғыда маңызды жауаптар алды. Онлайн оқыту барысында нақты жағдайларға байланысты ұсыныстар айтылып, байқаушылардың практикалық дайындық деңгейін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған онлайн оқыту жұмыстары тәуелсіз байқаушылардың кәсіби даярлығын арттыруға және қоғамдық бақылаудың сапасын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай кездесулер бақылаушылардың бірізді әрі үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуіне өз үлесін қосады.

Сонымен қатар, оқыту жұмыстары аясында байқаушыларға арналған арнайы ақпараттық пост дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылып, онда өңірдегі қоғамдық бақылау жұмыстарының барысы, байқаушыларды даярлау деңгейі және алдағы кезеңдегі жоспарлар туралы кеңінен ақпарат берілді.


#Абай облысы, #сайлау