Алаш идеясы– Жаңа Қазақстанның мұраты

Алаш идеясы– Жаңа Қазақстанның мұраты

Тәуелсіз ел болғаныннан бері халқымыздың тарихына терең бойлап, жария етілмеген тың деректерге куә болудамыз. Солардың бірі – қазақ қоғамындағы ұлттық сананың қалыптасуының бір көрсеткіші, қазақ тарихының көкейкесті мәселесі болып келген Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Жаңа Қазақстан – сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып, отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртты азаттыққа шақыру болатын.  Алаш идеясы ұлттық бірігу концепциясына алып келді. Ол қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның арқасында мыңдаған қазақтың басы бірікті. «Алаш» партиясын құру мен Алашорда үкіметін қалыптастыру жолындағы жанқиярлық еңбектері нәтижесінде «Алаш арыстары» ардақты есімін иеленген зиялы қауым тарих төрінен орын алды. Бұл ата-балалар армандаған Тәуелсіздіктің жемісі.

«Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз. Тәуелсіздік – талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың қолына қонған бақыт құсы. Біз бұған дейін мемлекетіміз қол жеткізген табыстарға қаншалықты үлесімізді қоссақ, жіберілген қателіктер үшін де соншалықты жауапты екенімізді терең түсінеміз. «AMANAT»партиясы әрқашан қо­ғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүр.Біздің партия ортақ құндылықтармен, ұлттық мүддемен және бір болашақпен біріккен қоғамды қалыптастырады.Біздің партия мемлекеттің міндеттерін алмастырмайды, бірақ халықтың сұра­нысына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсынады,-делінген «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында.

Олай болса кешегі «Алаш арыстарының» арман-мақсаттарын егеменді елімізде жүзеге асыру - еліміздегі басты партияға аманат. 

Өткенді сараласақ, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі қазақ жерін орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялауына байланысты ішкі Ресейден қоныс аударушылар саны күрт өсті. Егіншілікке жарамды жерлерден қазақ қоғамы шеттетіле бастады. Нәтижесінде қазақ шаруашылығы дағдарысқа ұшырады. Осыдан барып қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, болмаса өзін-өзі сақтап қалуы үшін күреске шығу мәселесі туындады. Алайда, көтеріліске шығудан гөрі қалыптасқан жаңа саяси жағдайға байланысты мәселені шешуде әдіс-айла қажет болды. Бастысы -  халыққа жағдайды түсіндіріп жеткізетін жаңа саяси әлеуметтік күш керектігі айтылды. Ал ондай саяси күш ұлттық интеллигенция болатын. Саны жағынан аз болғанымен, саяси күресте пісіп-жетіле бастаған еді. 

Бастапқыда қозғалыс 1905 жылы 22 шілдеде Қарқаралы петициясын жазу арқылы өзінің талаптары мен мақсаттарын мәлімдеді. Құжатта ар-ождан бостандығы, қазақ тілінде оқытуды ұйымдастыру, қоныс аудару саясатынан бас тарту және жерлерді қазақтарға қайтару туралы талаптар қойылады. Петиция император Николай II-ге жіберіліп, оған 15 мыңнан астам адам қол қояды. Қазақ даласы үшін бұл петиция өте маңызды болды. Өйткені ол мәселелерді толық қамтып, шын мәнінде ұлттық қозғалыстың бағдарламалық мақаласына айналды. Бұл құзырхатты өз қолымен Петербургтағы үкімет орындарына Ә. Бөкейханов тапсырады. Содан бастап алаш зиялылары қуғын-сүргінге ұшырайды. 

Патшалық Ресей қоныс аудару, жерге орналастыру басқармасын құрып, отарлау саясатын жалғастырды. Қазақтың көптеген құнарлы жерлерін тартып алып, келімсектерге берді. Ауыр отарлық езгі, қазақтардан құнарлы жерлерді алу, шаруаларды патша үкіметінің далаға көшіруі ұлттық қозғалыстың пайда болуына себеп болды.

                                                                                           «Көзіңді аш, оян қазақ,көтер басты, 

                                                                                            Өткізбей қараңғыда бекер жасты. 

                                                                                            Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп, 

                                                                                            Қазағым, енді жату жарамасты»,-деп Алаш қайраткері Міржақып Дулатов халықты қозғалысқа шақырды.

1905 жылдың соңында Орал қаласында Қазақстанның бес облысы делегаттарының съезі өтіп, ұлттық қозғалысты ұйымдастыру туралы шешім қабылданады. Бұл қозғалыс қазақтар үшін киелі мәні бар «Алаш» атауын алады. Аңыз бойынша, мұндай атауды барлық қазақтардың арғы атасы – Алаш хан қолданған. Ал қазақтар да бұл атауды өздерінің жауынгерлік айқайы ретінде пайдаланды. Жалпы алғанда, оған екі жүз мыңнан астам адам жазылған. 1917 жылы Орынбор қаласында Тұңғыш жалпықазақ съезі өтеді. Съезд қараған және барлық делегаттар қолдаған маңызды мәселелердің бірі-саяси партияға «Алаш» қозғалысын рәсімдеу болады. Партияның құрылуы Семей қаласында алғаш рет «Сарыарқа» газетінде жарияланады. 1917 жылдың қазан айында революция болып, Кеңестер (қызылдар) мен ақ үкімет билік үшін күресе бастады. Ұлттық интеллигенция мен «Алаш» партиясының көшбасшылары кеңестердің идеяларын қабылдамай, сол жылы Орынбор қаласында екінші жалпықазақ съезін өткізеді. Бұл съезде Алаш автономиясын немесе Алаш Орданы құру туралы жарияланады. Мемлекет басшысы болып Әлихан Бөкейханов сайланса, ал астанасы - Семей қаласы болады. Ғалымдардың зерттеуінше, шын мәнінде де 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін 2 жыл 3 ай өмір сүрген Алаш Орда ұлттық-территориялық автономиясының ресми астанасы Алаш қаласы деп танылады. Семей дегенде, Алаш арыстары бірден ойға оралады. Себебі, Алаш идеясының алтын бесігі, асыл өзегі болған Семей қаласының  XX ғ. басындағы саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы өте жоғары болады. Семейде ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, мүлде жаңа саяси-әлеуметтік күштің пайда болуы ұлттық сананы өсіріп, қазақтың беделін көтереді. Осыдан екі жыл бұрын Президент Жарлығымен құрылған Абай облысының орталығы Семей қаласында Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға арналған ескерткіш бар. Жыл сайын аймақ тұрғындары, әкімшілік өкілдері мен «Аманат» партиясының мүшелері, зиялы қауым, желтоқсандықтар, жастар орталық саябақта орналасқан ескерткішке барып гүл қойып, Ұлт көсеміне құрметпен тағзым етеді. 

1918 жылдың наурыз айында Алаш Орда үкіметінің мүшелері большевиктердің қазақтарға ұлттық автономия беруі жөнінде келіссөздер жүргізеді. Мемлекетті нығайту мақсатында Алаш автономиясының әскери бөлімдерін ұйымдастыру туралы шешім қабылданып, Қостанай, Орал, Орынбор, Семей қалаларында атты әскерлер құрылады.

Алаш ұлттық әскерінің құрылуының бастауы да осы қасиетті шаһардан басталады. Алаштың ең алғашқы құрбаны Қазы Нұрмұхамедұлының тағдыры алаштың астанасымен тікелей байланысты. 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде Бейімбет Майлиннің «Алаштың тұңғыш құрбаны» атты мақаласы жарық көреді. Онда небәрі 22 жасында атты милицияға басшы болып тағайындалып, құқықтық тәртіп пен әскер жасақтауда ерік-жігер танытқан ұлтшыл жастың Алаш үшін  құрбан болғандығы жазылған. Қазірде Семейдегі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде «Алаш» қайраткеріне арналған ескерткіш тақта қойылған. Бұл тарихи оқиға Қазақ автономиясының ресми астанасы Семей шаһарының қандай тарихи рөл атқарғанын аңғартатын тағы бір айғақ.  Сондай-ақ Семейде «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» мұражайы бар.Бұл мұражай –еліміздегі Алаш арыстарына арналған. Мұражайда Алаш қозғалысы жайындағы мәліметтер, Алаш арыстарының еңбегі мен өмірі, М. Әуезовтің семейлік кезеңіндегі деректер бір-бірімен байланыста көрініс тапқан.

1920 жылы Алаш Орда большевиктермен жойылып, оның көшбасшылары мен жақтаушылары толық рақымшылық алады. Қазақстан аумағында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы жарияланады. Қазақтар үшін Алаш қозғалысының көшбасшылары тек саяси қайраткерлер ғана емес, ағартушылар, ғалымдар да болды. «Алаш» ұлттық қозғалысының көшбасшылары мен қатысушылары өз халықтарына еркіндік беру және отарлық езгіден арылу сияқты игілікті мақсаттар қойды. Өкінішке орай, жеткілікті ресурстарға ие бола отырып, сондай – ақ өзінің одақтастары-ақ қозғалыстың толық қолдауын таба алмай, Алаш мемлекеті жойылды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалайды.

Жалпы Алаш қозғалысының басты мақсаты - қазақ елінің өзін-өзі басқару, дербес мемлекет құру, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демократиялық ұстанымдарды қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажетті шарттар түзу болды. 

Қазақ мемлекетін құру сәтсіздікке ұшырағанымен, Алаш қозғалысының азаттық иедялары, мәдени, ғылыми басқа да дәстүрлері кеңестік жылдардың өзінде қазақ қоғамында өмір сүріп жатты. Ұлттық тарихымыздағы ең ірі, ең ұзақ ұлт-азаттық қозғалыс мұраттары тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырды. 

Бүгінде еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде,Алаш зиялыларының арман-мақсаттарын жүзеге асыруда «AMANAT»партиясының рөлі зор.  Еліміздің саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындады. Партияның саяси тұғырнамасында айтылғандай, аманаттықтар Әлихан Бө­кейхан бастаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын үлгі-өнеге тұтуда. Бабалар еңбегінің лайықты жалғас­тырушылары – рухты, білімді, саналы, отаншыл жастар десек, бұл ретте «Жастар Рухы» Жастар Қанаты белсене еңбек етуде. Бұл - ұрпақ сабақтастығы. Ал партия мүшелері қоғам мен мемлекет игілігі үшін адал қызмет атқарып, Тәуелсіздікті сақтап, қазақ тілін дамытуда, оның кеңінен қол­данылуына барынша күш-жігерлерін салуда. Бұл - ата-баба аруағы мен келер ұрпақ алдындағы аманат. Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзінде Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады ,- деген болатын. Олай болса, әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Ал ол ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған бүгінгі Тәуелсіздігімізді сақтап қалудың басты негізі болмақ. 


#Қазақстан, #Алаш, #Әлихан Бөкейхан