Қазақстан Кипрмен жан-жақты әріптестікті дамытуға мүдделі – Президент
Қазақстан мен Кипр президенттерінің келіссөздерді ресми делегацияның қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың Еуропалық Одақ Кеңесіне Кипрдің төрағалығы кезеңінде өтіп жатқанын ерекше бағалады.
Өз сөзінде Президент Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Кипр Президентінің елімізге алғашқы ресми сапары өтіп жатқанын айтты.
– Біз екіжақты форматта өте нәтижелі пікір алмасу өткіздік. Ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға қатысты ортақ ұстанымдарымызды атап өттік және алдағы уақытта әлі толық пайдаланылмаған, зерттелуі қажет көптеген мүмкіндіктер бар екенімен келісеміз. Қазақстанға келсек, біз алға қарай жылжуға және екі елге де тиімді болатын кез келген келісімдер жасауға дайынбыз. Өйткені біз сіздің еліңізбен қалыптасқан дәстүрлі достық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз және бұл біз үшін әлбетте өте маңызды, – деді Қ.Тоқаев.
Президент бұл сапардың Еуропалық Одақ Кеңесіне Кипрдің төрағалығы кезеңінде өтуі өте символдық мәнге ие екенін айтты.
– Біз Сіздің төрағалық кезеңдегі басшылығыңызды жоғары бағалаймыз және осы маңызды миссияның қорытынды кезеңінде табысқа жете беруіңізге тілектеспіз. Құрметті Президент мырза, Сіздің басшылығыңызбен Кипрдің халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосылды. Кипр теңгерімді, жауапты және болашаққа бағытталған сыртқы саясат жүргізуді жалғастырып келеді, ал Қазақстан сіздің еліңізбен жан-жақты әріптестікті дамытуға мүдделі, – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді.