Тараз қаласында 27–28 желтоқсан күндері футзалдан Қазақстан кубогының финалдық кезеңі жоғары деңгейде өтті. Ел кубогының басты жүлдесі үшін «Ақтөбе» мен «Семей» командалары өзара күш сынасты. Жарыс жолында қос ұжым да мықты қарсыластарын жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда «Ақтөбе» алматылық алпауыт «Қайратты» 5:4 есебімен жеңіп, мінез көрсетсе, «Семей» тартысты өткен ойында «Атырауды» 4:3 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Финалдық кездесу жанкүйерлер күткендей өте тартысты өтті. Алаңда жоғары қарқын, жылдам шабуылдар мен тактикалық күрес айқын байқалды. Ойын барысында «Семей» командасы өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, есепте басымдыққа ие болды. Нәтижесінде семейліктер 5:2 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогын қатарынан екінші рет иеленді.
Бұл жеңіс «Семей» клубының ел футзалындағы тұрақты әрі мықты команда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал «Ақтөбе» финалға дейінгі жолда жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Осылайша, Тараз төрінде өткен футзал мерекесі әсерлі ойындармен есте қалып, Қазақстан футзалының дамып келе жатқанын айқын көрсетті.





