Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды. Облыс басшысының өкімімен Берік Серікқанұлы Терлікбаев Жарма ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға тиісті өзгерістер енгізілген болатын. Соған сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Енді бұл деңгейдегі әкімдер заңнамада белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тарапынан тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындалады.

Берік Серікқанұлы Терлікбаевтың кандидатурасы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Жарма ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен мақұлданып, облыс әкімінің өкімімен жаңа қызметіне кірісті.
Жаңа әкімді таныстырған облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын атап өтті.
«Жарма ауданы – Қалба тауының сілемінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан қасиетті де құтты мекен. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар, стратегиялық маңызы жоғары аудандардың бірі. Жарма ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мәселелері біздің тұрақты назарымызда», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Берік Уәли жаңа аудан әкімінің тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетіне тоқталды. Берік Терлікбаев бұған дейін Жарма ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, кейін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарған. Осы кезеңде ол ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен етене танысып, басқару ісіндегі тәжірибесін көрсете білді.

«Берік Серікұлын өздеріңіз жақсы білесіздер. Тәжірибесі жеткілікті. Биылғы 12 мамырдан бастап аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды. Осы кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жақсы танысып, өзінің тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Жарма ауданы жұртшылығымен бірлесе отырып, осы ауданның одан әрі дамуына, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Еңбек жолы – мемлекеттік қызметпен сабақтас
Берік Серікқанұлы Терлікбаев Үржар ауданының Қарақол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын жұмысшы болып бастап, кейін кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларында тәжірибе жинақтады. Аягөз ауданында экономика, салық, статистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттарында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Кейін статистика саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде еңбек етті. Ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша статистика басқармасы басшысының орынбасары, Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. Кейін Абай облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментін басқарды.
2026 жылғы 12 мамырдан бастап Берік Терлікбаев Жарма ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарып келді. Жаңа қызметке тағайындалған аудан әкімі ендігі жерде Жарманың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Айта кетейік, Берік Серікқанұлы Терлікбаевтың тағайындалуы – жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Абай облысында аудан әкімін тағайындауға қатысты үшінші жағдай.




