Туризм және спорт министрлігі 2026 жылға арналған мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесін дайындады


Туризм және спорт министрлігі 2026 жылға арналған мәдени-туристік оқиғалар күнтізбесін дайындады. Құжатта еліміздің 20 өңірінде өтетін 55 ірі іс-шара қамтылған.



Күнтізбе ішкі туризмді насихаттауға, туристік бағыттарды кеңейтуге және өңірлік брендтерді дамытуға бағытталған. Іс-шараға мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық бағыттағы түрлі оқиғалар енгізілген. Бұл туристерге жеке қызығушылықтары мен маусымдық ерекшеліктерін ескере отырып, сапар бағыттарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.



Жоспарланған бастамалардың басым бөлігі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Мұндай іс-шаралар өңірлерге деген қызығушылықты қалыптастырып, оқиғалар күн тәртібінің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобалардың көпшілігі бизнес өкілдерінің қатысуымен немесе демеушілігімен ұйымдастырылады. Бұл оқиғалы туризмді бюджетке қосымша салмақ түсірмей дамыту қағидатына сай келеді.




Туристерге ыңғайлы болу үшін туристік күнтізбе енгізілген www.event.qaztourism.kz веб-ресурсы әзірленді. Платформа арқылы іс-шараларды күні, өңірі, санаты және ауқымы бойынша ыңғайлы әрі жедел таңдауға болады.






2026 жылға арналған күнтізбе – Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын іске асыру аясындағы қадамдардың бірі. Бұл бастама оқиғалы туризмді жүйелі дамытуға, өңірлердің туристік бірегейлігін нығайтуға, қолайлы цифрлық шешімдер қалыптастыруға және Қазақстан бойынша саяхаттардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.