Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Заң мен тәртіп 21 қаралымabaidan.kz

Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді

Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді

Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. Биыл 1 шілдеден бастап «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заң күшіне енді. Құжат аясында қоғамдық көмекшілер институты енгізілді. Осы бағытта алғашқы қоғамдық көмекші ретінде «ЛУЦ» оңалту орталығы тартылып, лудоманияның алдын алу және ойынқұмарлыққа бейім азаматтарды ерте анықтау бойынша бірлескен жұмыс басталды.

«Қоғамдық көмекшілер институты – құқық бұзушылықтардың алдын алуда қоғамның белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жаңа тетік. Бүгінде лудоманияның алдын алу және азаматтарды заңсыз құмар ойындарға тартуға жол бермеу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізілуде», – деді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Сәкен Кондубаев.

Департамент интернет кеңістігіндегі заңсыз контентпен күреске де ерекше көңіл бөледі. Бүгінге дейін 2 700-ден астам заңсыз интернет-сілтеме бұғатталған. Сонымен қатар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жоғары оқу орындары, колледждер мен балалар лагерлерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылық болғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Сондықтан азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар мен заңсыз онлайн-казинолардың қаупін түсіндіруге ерекше мән беріп отырмыз», – деді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Превенция және талдамалық әзірлемелер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Сейілханов.

Брифинг барысында құрылыс саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары да айтылды. Талдау нәтижесінде 84 құрылыс нысаны бойынша рұқсат құжаттарының жоқтығы немесе толық рәсімделмегені анықталған. 31 нысан бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 11 тұрғын үй кешеніне қатысты бұзу туралы сот шешімі заңды күшіне енді.