Абай облысында заңды айналып өтудің амалын іздеген 33 жастағы Hyundai жүргізушісі полиция назарына ілікті. Тексеру барысында автокөлікке көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тағылғаны анықталды.
Белгілі болғандай, аталған көлік құралының бастапқы мемлекеттік нөмірі Ресей Федерациясына тиесілі болған. Алайда жүргізуші өзге нөмірді пайдалану арқылы автокөліктің нақты тіркеу деректерін жасыруға тырысқан.
Бірақ темір тұлпарға тағылған нөмір оның заң алдындағы жауапкершілігін өзгерте алмайды. Жалған нөмір – жауапкершіліктен құтқаратын қалқан емес.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтап, жүргізушіге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдады.
Еске саламыз, Қазақстан Республикасының заңнамасында көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату, осындай нөмірлермен көлік басқару, сондай-ақ олардың танылуына кедергі келтіретін құрылғылар мен материалдарды пайдалану үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Полиция ескертеді: мемлекеттік нөмір – жай ғана темір тақтайша емес, көлік құралының заңды сәйкестендіру белгісі. Оны өзгерту арқылы заңнан жасырыну мүмкін емес. Жолдағы тәртіп те, заң алдындағы жауапкершілік те баршаға ортақ!
Абай облысында жалған нөмір таққан Hyundai жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
