Алкоголь мен темекінің заңсыз айналымына қатысты облыс бойынша арнайы тексеріс жүргізілуде
Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп - тексеру департаменті өңірдегі алкоголь мен темекінің заңсыз айналымының жолын кесу, сонымен қоса олардың жеткізу арналарын жою жөніндегі шараларды жоспарлы түрде атқаруда. Биылғы жарты жылдықта облыс аумағында 13 қылмыстық іс жүргізілген. Бұл туралы Облыстық экономикалық тергеп – тексеру департаменті басшысының орынбасары Орын Тұрлыбаев баяндады.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымың мәліметтері бойынша, жыл сайын үш миллионнан астам адам суррогат алкогольден және улы заттар қолданудан қайтыс болады. Мысалы қазіргі жастардың басым бөлігі электронды темекіге әуес. Біз қазір бұл шараның алдын-алу мақсатында жедел әрекет етіп, заңсыз сатуға шектеулер қоюдамыз. Тек, ағымдағы жылда ғана 13 қылмыстық іс жүргізілді. Заңсыз айналымнан 10 000 литрден астам суррогат алкоголь және 100 миллионнан астам қорап темекі тәркіленді. Төлеуге жататын акциздік алымның сомасы миллиард теңгеден асты,- деп атап өтті Орын Тұрлыбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізген. Оның нәтижесі бойынша 15 сауда нүктесінде алкоголь өнімін лицензиясыз өткізу мақсатында сәйкестендіру және сақтау құралдарынсыз темекі өнімдерінің айналымы фактілері анықталған.
- Заңсыз сату фактілері бойынша әкімшілік материалдар жасалды. Қазіргі күні олар Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына қарауға берілді, - деді спикер.
Сонымен қатар, департамент орынбасары өңір тұрғындарына акцизделетін өнімді заңсыз өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қана емес, ҚР Қылмыстық кодекстің 214 (заңсыз кәсіпкерлік), 233 (акцизделетін тауарларды сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу, қаражатты қолдан жасау және пайдалану) баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.