Абай облысында «тиімді инвестиция» ұсынып, азаматтарды алдаған күдікті анықталды

Абай облысында «тиімді инвестиция» ұсынып, азаматтарды алдаған күдікті анықталды

Абай облысында инвестиция атын жамылған алаяқтық фактісі әшкереленді, деп хабарлайды Polisia.kz. Семей қаласының полиция қызметкерлері азаматтарды «тиімді инвестиция» және жылдам табыс уәдесімен алдап, олардың ақшалай қаражатын иемденген 24 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында белгілі болғандай, 2025 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында күдікті өзін сенімді тұлға ретінде таныстырып, тұрғындардың сеніміне кірген. Ол жоғары табысқа кепілдік беретін тиімді инвестициялық ұсыныстар бар екенін айтып, азаматтарды қаржы салуға үгіттеген. Осылайша жәбірленушілердің сенімін теріс пайдаланып, алдау жолымен олардың қаражатын иемденген.

Тергеу барысында күдіктінің әрекеттерінен Семей қаласының үш тұрғыны зардап шеккені анықталды. Атап айтқанда, 20 жастағы азамат 715 мың теңгесінен айырылған. Тағы бір 21 жастағы жәбірленуші 2 617 мың теңге берген. Сонымен қатар 63 жастағы қала тұрғыны 220 мың теңгесінен айырылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Анықталғандай, ол азаматтардан алынған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Осыған байланысты ақша қаражаты тәркіленбеген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс алаяқтық бабы бойынша сараланды. Күдіктіге қатысты келу міндеттемесі түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы қолданылды. Полиция азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Әсіресе жылдам әрі оңай табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбей, қаражат салмас бұрын олардың заңдылығы мен сенімділігін мұқият тексеру қажет екені ескертілді.

kaz.inform.kz


#Семей, #Заң, #Абай облысы, #алаяқ