Абай облысында “Тоқта Алаяқ” іс-шарасы аясында 500-ден аса профилактикалық жадынама таратылды.

Абай облысында “Тоқта Алаяқ” іс-шарасы аясында 500-ден аса профилактикалық жадынама таратылды.

Абай облысында интернет алаяқтықтың алдын алуға бағытталған «Тоқта, алаяқ!» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.  Аталған бастаманың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заманауи интернет алаяқтарының әрекеттері туралы кеңінен ақпараттандыру және жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлерімен саптық жиын өткізіліп, нақты міндеттер айқындалды. Жиынды Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары хполиция полковнигі Ернар Базаров жүргізіп, жеке құрамға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті.


Профилактикалық шаралар барысында Семей қаласының сол жағалау бөлігіндегі ірі сауда орындары, халық көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктер, базарлар, аялдамалар мен қызмет көрсету орталықтары қамтылды. Арнайы құрылған топтар тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері – жалған инвестициялық жобалар, фишингтік сілтемелер, банк карталарының деректерін заңсыз иемдену, жалған лотереялар мен онлайн несие рәсімдеу тәсілдері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар азаматтарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, жеке және қаржылық ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және тек ресми қосымшалар мен сайттарды пайдалану қажеттігі түсіндірілді. Әсіресе, егде жастағы тұрғындар мен жастарға ерекше көңіл бөлініп, қауіпсіздік шаралары егжей-тегжейлі жеткізілді.


Іс-шара барысында арнайы әзірленген 500-ден аса ақпараттық брошюралар таратылып, онда интернет алаяқтықтың негізгі белгілері, қорғану тәсілдері және төтенше жағдайда хабарласуға арналған құқық қорғау органдарының байланыс нөмірлері көрсетілді. Тұрғындардың сауалдарына нақты жауаптар беріліп, құқықтық кеңестер ұсынылды.

Осы ретте полиция полковнигі Ернар Базаров өз сөзінде:

«Бүгінгі таңда интернет алаяқтық – қоғам үшін өзекті қауіптердің бірі. Азаматтардың жеке деректерін қорғау мәдениетін қалыптастыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Әрбір тұрғын күмәнді әрекеттерге бейжай қарамай, сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Тек бірлескен әрекет арқылы ғана біз алаяқтықтың алдын алып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті.

Жалпы, өткізілген іс-шара халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет алаяқтықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталды.


#Абай облысы, #алаяқ, #Заң мен тәртіп