Абай облысында заңсыз айналымнан 211 келіден астам есірткі тәркіленді

Абай облысында заңсыз айналымнан 211 келіден астам есірткі тәркіленді

Абай облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 211 келіден астам түрлі есірткі және психотроптық заттар тәркіленді. Бұл туралы Нашақорлықпен және есірткі құралдарының заңсыз айналымымен күресудің Дүниежүзілік айы аясында өткен кеңейтілген жиында белгілі болды. Шара Абай облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Дюсембай Ахметұлы Байбусуновтың жетекшілігімен өтті. Жиынға жастар ұйымдарының өкілдері мен Астана қаласынан келген арнайы делегация қатысты. Жиыналысты  ашқан Дюсембай Ахметұлы нашақорлықпен күрес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде нашақорлық – ұлт денсаулығына, жас ұрпақтың болашағына және қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін күрделі мәселе. Біздің міндетіміз тек қылмыстарды анықтау мен тоқтату ғана емес, сонымен қатар тиімді профилактикалық жұмыстар жүргізу болып табылады. Ерекше назар жастарға аударылуы тиіс, оларға дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйрету қажет. Тек құқық қорғау органдары, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар және ата-аналардың күш-жігерін біріктіре отырып, біз бұл қауіпке қарсы нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деді ол.

Жиын барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Хамза Тілек өңірдегі ахуал жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері облыс аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін 22 адам ұсталған. Сондай-ақ жыл басынан бері өңірде 300-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Атап айтқанда, психологтар мен наркологтардың қатысуымен дәрістер, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер мен жастармен кездесулер ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Балалар – есірткіге қарсы», «Біз өмірді таңдаймыз», «STOP есірткіге» акциялары, спорттық және мәдени-бұқаралық шаралар өткізілген. Басқосуда Нашақорлыққа қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Жандос Берікұлы Ақтаев мемлекет пен азаматтық қоғам күштерін біріктірудің маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара соңында профилактикалық акцияларды ұйымдастыруға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқан «Соц KZ» жастар қозғалысының мүшелері марапатталды. Белсенділерге алғыс хаттар табысталды.


#Абай облысы, #Полиция, #есірткімен күрес, #Заң мен тәртіп