Балконды жөндеуден кейін анықталған кемшіліктер жойылмағанына байланысты Абай облысында соттың қаулысы шықты
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабының 4-тармағына сәйкес, жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) оны орындау (көрсету) барысында табылған кемшіліктер және орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктер, егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жойылуға тиіс. Кемшіліктерді жоюдың тұтынушы тағайындаған немесе тараптармен келісілген мерзімі шартта жазылады.
Аталған бапты бұзу тұтынушыны орындалатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты жаңылыстыру болып табылады.
Абай облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне көрсетілген жұмыстың (қызметтің) сапасыз екендігі туралы тұтынушыдан өтініш келіп түсті. Тараптар арасында балконда жөндеу жұмыстарын орындау туралы шарт жасалған, бұл ретте қызмет тұтынушы тарапынан толық көлемде төленген, ал шарттың жалпы сомасы 700 мың теңгеден астамды құраған.
Аталған өтініш негізінде Департамент кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында көрсетілген жұмыстың (қызметтің) сапасына қатысты тұтынушыны жаңылыстыру фактілері анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы нұсқама берілді.
Алайда, орындаушы Департаментке нұсқамада берілген мерзімде жұмыстарының біткендігі туралы хабарлама ұсынбады.
Департамент нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша тексеріс ашып, тексеріс нәтижесінде нұсқаманың орындалмағандығын және кемшіліктердің жойылмағандығы анықталды және ҚР ӘҚБтК 462-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, сот органдарына жөнелтілді.
Нәтижесінде, соттың қаулысына сәйкес Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің нұсқамасын орындамағаны үшін кәсіпкерлік субъектісіне қызметін тоқтатпай, 70 АЕК (302 750 теңге) айыппұл салынды.