Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа заң қабылданды

Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа заң қабылданды

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов мәлімдеді.

Аталған заңдар Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленіп, мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртуға бағытталған.

– Жаңа редакциядағы заңның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын нақты айқындау, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру. Бұған дейін мемлекеттік қызметті заңнамалық реттеу көбіне еңбек қатынастары аясымен шектеліп келген. Ал жаңа заң мемлекеттік қызметтің мақсаты мен қағидаттарын, мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен оларға қойылатын талаптарды нақты бекітеді, – деді спикер.

Сонымен қатар, заң мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізуді көздейді. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

– Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру. Енді кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, егер лауазым үш айдан артық бос болса, жүйеде автоматты түрде конкурс жарияланады, – деп атап өтті Руслан Шарипов.

Заңда жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу қарастырылған. Бұл бастама мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру іс-шараларын қамтиды.

Бұдан бөлек, заңда сайланбалы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі айқындалып, олар мемлекеттік қызметшілердің жеке санаты ретінде белгіленді. Олардың қызмет ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы оқыту тәртібі енгізіліп, кейбір кадрлық рәсімдерден босату көзделген.


#Заң, #Мемлекеттік қызметтер