Абай ауданында туризм қарқынды дамуда
Абай ауданында туризм саласын дамыту үшін 2023-2027 жылдарға арналған жоспар жасалды, - деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне ілтеме жасап. Осы жоспар аясында ауданның тарихи орындарын таныстыру үшін «Абайдың жүрген ізімен» атты жолсілтеменің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары басылып шықты.
Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұловтың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты — ауданның тарихы мен мәдениетін кеңінен таныстыру, туристердің қызығушылығын арттыру. Абай ауданында туризм саласы қарқынды дамуда.
- Ауданымыздың туризімін дамыту бойынша «Абайдың жүрген ізімен» атты жолсілтеме жасадық. 500 дана таралыммен жарық көрген бұл еңбек Абай жолымен танысуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жолсілтемені тағы екі тілде шығару ойда бар. Яғни, ағылшын және қытай тілдеріндегі нұсқаларын әзірлемекпіз. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларымызды кеңінен насихаттау мақсатында үш тақырыптық бағытта арнайы буклеттер де шығарылды. Олар Жидебай, Қоңыр әулие үңгірі, Хан тауы және Шыңғыс хан туралы аңыз сынды тақырыптарға бөлінген, - деді Мейіржан Смағұлов.
Бұған қоса, ауданның тарихи орындарын жан-жақты таныстыру үшін 32 тарихи орын туралы ақпаратты қамтитын 21 бейнеролик дайындалған. Бейнематериалдар ауданның бай мәдени мұрасын цифрлық форматта көрсетіп, келушілер үшін ерекше әсер қалдырады.
- Туризмді дамытудағы тағы бір маңызды қадам – Абай ауданының ресми сайтының іске қосылуы. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалған бұл көптілді платформа алты негізгі беттен тұрады және ауданның туристік әлеуетін толыққанды көрсетеді. Тағы бір айта кететін жайт, осындай іс-шаралар арқасында аудандағы музейлерге келген туристердің саны 2024 жылдығ 9 айында - 35920 адам болған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 105,2 % өсіп отыр, - деп түйіндеді аудан әкімі.
#Абайская область, #Туризм, #Абай Кунанбаев, #Жидебай