Қарауыл ауылында 200 орындық интернат салынбақ
Биыл Абай ауданындағы Қарауыл гимназиясына «Қазақстан халқына» қолдау қорынан 250 млн теңге бөлінген екен. Қазіргі уақытта бөлінген қаржы толығымен игеріліп, заманауи зертханалар, жаңартылған кабинеттер, интерактивті тақталармен шеберханалар жабдықталып, жаңа арт және телестудия кабинеттері іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов мәлімдеді.
- Абай ауданында қазіргі уақытта 9 орта мектеп, 1 жалпы білім беретін гимназия, 1 негізгі орта мектеп, сондай-ақ «Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» мен «Абай колледжі» жұмыс істейді. Оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, 1-4 сыныптарда оқитын 707 бала толық ыстық тамақпен қамтылған. Бұдан бөлек, ҚР 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес 5-11 сыныптарда оқитын 586 оқушы да ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Оқушыларды тамақпен қамтуға бөлінген жалпы қаржы көлемі 101 млн 800 мың теңгені құрайды, — деді Мейіржан Смағұлов.
Өткен жылдың қараша айында Қарауыл ауылында орналасқан Жалпы білім беретін орта мектеп ғимаратының сол жақ қанатынан Абай облысының білім басқармасына қарасты педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті ашылып, жұмысын бастады. Осы кабинетті ашу үшін облыстық бюджеттен 40 млн 147 мың теңге қаражат бөлінді.
- Ауданымызда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті қызмет көрсетуде. Мұнда 0-18 жас аралығындағы 33 бала оқытылуда. Кабинетте монтессори, логопед-дефектолог, педагог-психолог, емдік денешынықтыру, музыкалық-ырғақ және әлеуметтік педагог сияқты мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қарауыл ауылында «Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатына» 200 орындық интернат салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, — деп атап өтті аудан әкімі.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету де назардан тыс қалмады. «Мектепке жол» акциясы аясында 2024-2025 оқу жылында демеушілер есебінен 980 000 теңге қаражат бөлініп, оқу жылының басталуымен 142 балаға сөмке, оқу құралдары мен маусымдық киімдер таратылды.
- Абай ауданында білім сапасын арттыру басты мақсаттардың бірі болып табылады. Биыл оқу жылы басталмай тұрып, облыстық білім басқармасынан 5334 дана оқулық сатып алуға 13 млн 993 мың 744 теңге бөлініп, қажетті оқулықтар толықтырылды. Сондай-ақ, «М.Әуезов атындағы орта мектебі» КММ кітапханасы жаңа бөлмеге ауыстырылып, заманауи ресурстармен жабдықталды, — деп қорытындылады Мейіржан Смағұлов.
#Абайская область, #Знание, #Абайский район