Абай облысының әкімі Ақсуат ауданының тұрғындарымен кездесті

Абай облысының әкімі Ақсуат ауданының тұрғындарымен кездесті

Жиында алдымен аудан әкімі Ерсін Ескендіров 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады

Биылғы жылдың 8 айында облыс экономикасы оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Көлік саласында 122,5%, құрылыста 120,8%, ауыл шаруашылығында 102,9%, өңдеу өнеркәсібінде 101,2% өсім қамтамасыз етілді. Облыста инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ақсуат ауданында жалпы құны 19,6 млрд теңгені құрайтын, 380 жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 14 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 3 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. 400-ге жуық жұмыс орнын ашуды көздейтін 11 жоба аймақтық пулға енгізілді. 

Жалпы облыс бойынша 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 79 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Ақсуат ауданында ет кластерін дамыту, сүт фермаларын ашу, суармалы егіншілікті кеңейтуге бағытталған 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Ақсуат ауданында ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Ақсуат, Көкжыра, Кіндікті, Қарғыба ауылдарында су құбырларын ауыстыруды бастауға қаржы бөлінді. Сонымен қатар, Ақсуат ауылында кәріздік желілерді қайта құру аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін аудан орталығының көшелері жарықтандырылады. 

Халықты баспанамен қамту мақсатында Ақсуат ауданында 96 пәтер пайдалануға берілмек. Биыл аудандағы 12 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Үш мектепке жаңа пән кабинеттері алынды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақсуат пен Екпін ауылдарындағы мектептердің құрылысы басталады.

Аудандық ауруханаға заманауи медициналық техникалар сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, емханада күрделі жөндеу басталады.

Мәдениет пен спорт саласына да көңіл бөлінуде. Ақсуат ауданының ауылдарында спорттық модульдер салу бойынша құжаттама әзірленуде.

Жиын соңында облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. 

«Ақсуат жері қазақы қаймағы бұзылмаған, тарих пен тағылым тоғысқан, талай дүлдүлді баулып өсірген, қасиетті өнер мен асқақ рухтың алтын ұясы. Осыған дейін ауданға бірнеше рет келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Шекаралық өңірдің түйткілді мәселелерін жақсы білемін. Ауданда әлі де атқаратын жұмыстар көп. Өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады», – деді аймақ басшысы.

Кездесу соңында облыс әкімі Кіндікті ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің 60 жылдығына орай ұжымға заманауи LED экранның сертификатын табыс етті. Сонымен қатар, ауданның білім сапасын арттыруға үлес қосып жүрген ұстаздарға Алғыс хаттар тапсырылды.


#Ақсуатский район, #Аким области Абай