Ақсуат ауданында «Асыл бесік-Ақсуат»  республикалық спорт және өнер фестивалі өтіп жатыр

Ақсуат ауданында «Асыл бесік-Ақсуат» республикалық спорт және өнер фестивалі өтіп жатыр

Ақсуат ауданының орталығы Ақсуат ауылында «Асыл бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі өтіп жатыр,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Абайдың 180 жылдығына арналған дәстүрлі шара Ақсуат мәдениет үйінде «Асыл тас» театрының «Мені тауып алшы» спектаклін сахналаумен басталды. 

Үш күнге созылатын фестиваль салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 

«Бұл – тек мерекелік жиын ғана емес, ел бірлігін, туған ауылға жанашырлықтың биік үлгісін көрсетіп, ұлттық рухты ұлықтайтын ерекше оқиға. Абай елінде Атымтай жомарттық пен туған жерге қызмет ету – қашанда асыл мұрат болып келген. Бүгінгі таңда осы дәстүрдің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың бірі – ел перзенті, белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры Дулат Тастекеев екенін атап өткім келеді. Осы азаматтың елге, жерге деген сүйіспеншілігі – сөзден ғана емес, нақты іс арқылы көрініс тауып келеді. Бұл – нағыз туған жерге сүйіспеншілік пен ұлтын сүйген азаматтың үлгісі деп айтуымыз керек. Ауыл – ұлттың алтын діңгегі. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Елдік пен бірліктің, игілік пен ізгіліктің бастауы – туған топыраққа деген адал ниет пен нақты әрекетте. Осы ретте біз өңіріміздің әрбір азаматын Абай облысын, оның ішінде шалғай ауылдарды дамытуға белсенді атсалысуға, инвестиция салып, өркендеуге үлес қосуға шақырамыз. Сол мақсатта табысты кәсіпкерлер мен ел азаматтарына арнайы бейнеүндеу жасап, маусымның 19-20 күндеріне жоспарланып отырған «Туған жерге туыңды тік» атты ивестициялық форумға қатысуға шақырдым», - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Ақсуат ауданында жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып өтті. 

«Облыс әкімі ретінде жұмысқа кіріскелі бері Ақсуат ауданына екінші рет келіп отырмын. Алғаш келгенде өзекті мәселелермен танысып, ауданның қажеттіліктерін жазып алып, сессияның қарауына енгізген болатынмын. Соның нәтижесінде биыл Ақсуат ауылына кіре беріс екі жолақты жол төрт жолаққа кеңейтілді. Көкжыра ауылында мәдениет үйі бой көтереді. Ақсуат ауылындағы орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауданда 48 отбасы жаңа пәтерге ие болады. Екпін, Ойшілік ауылдарында спорттық сауықтыру кешені салынады. Тебіске өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – биылғы облыста атқарылатын жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осы жолы сіздерге сүйіншілі екі жаңалықпен келіп отырмын. Ақсуаттағы құрылысы басталып, тоқтап қалған мектепті өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол мектепті біз облыстық бюджет есебінен аяқтауды қолға алайық деп отырмыз. Облысымызда қазіргі таңда үш апатты мектеп бар. Соның бірі Екпін ауылындағы апатты мектептің құрылысын да биыл бастаймыз деп шештік. Сіздерді осы жаңалықпен құттықтағым келеді», - деді аймақ басшысы.

Фестиваль аясында бүгін қазақ күресінен республикалық «Assyl Arlan» турнирі өтті. Сайысқа 74 келіге дейін (Өгіз балуан) 24 балуан, +74 салмақта 18 балуан (Түйе балуан) қатысты. Кешкілік аудан жұртшылығы әнші Гүлдана Ноғайбаеваның «Елге сәлем» атты жеке концерті және «Қазақша терапия» тобының өнерін тамашалайды. 

8 маусымда Екпін ауылындағы атшабарда «Assyl TULPAR» бәйгесі өтеді. Фестиваль Ы.Досханаұлы атындағы стадионда «Асыл тас» театрының «Абай әлемі» қойылымы мен қазақ эстрада жұлдыздарының Гала-концертімен қорытындыланады. 


#Абайская область, #Ақсуатский район