Ақсуат ауданындағы Құмкөл ауылына апаратын көпір пайдалануға берілді

Ақсуат ауданындағы Құмкөл ауылына апаратын көпір пайдалануға берілді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданына барып, Құмкөл ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан Тебіске өзені арқылы өтетін жаңадан салынған көпірдің ашылу салтанатына қатысты ,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Көпірдің ұзындығы 55 метрді құрайды. Жоба аясында ұзындығы 832 метр болатын жол учаскесі толық жаңартылып, қажетті құрылыс материалдары төселіп, заманауи талаптарға сай жол инфрақұрылымы қалыптастырылды.

 Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоршаулар мен өзен арнасына түсіп-шығуға арналған баспалдақтар да қарастырылды. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Баршаңызды Тебіске өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін ел игілігі үшін атқарылып жатқан маңызды істердің тағы бір жарқын нәтижесіне куә болып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі, ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек», – деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облысымызда ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Құрылысы бір жыл бойы жүргізілген бұл нысанның стратегиялық маңызы жоғары. Құрылыс барысын үнемі қадағалап отырдық. Жұмыс сапалы атқарылды. Көпір Құмкөл және Ойшілік ауылдық округтерінің 4 мыңға жуық тұрғындарын аудан орталығымен тұрақты байланыстырып, шекаралық аймақта орналасқан Қасым Қайсенов және Хабарасу шекаралық бекеттеріне де қатынауды қамтамасыз етеді. Осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан барлық жауапты азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Жаңа көпір ел игілігіне қызмет етіп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, өңірдің өркендеуіне септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Берік Уәли.

Ауыл тұрғындары көпірдің ашылуына ризашылықтарын жеткізді.

«Ойшілік пен Құмкөл ауылдары шекаралық аймақта орналасқан. Сондықтан бұл көпір – тек қатынасты жақсартатын нысан ғана емес, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, екі елді мекен арасындағы байланысты нығайтатын маңызды құрылыс. Осы көпірдің ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етіп, тұрғындардың қуанышын еселей беруіне тілектеспіз», – деді ауыл тұрғыны, жергілікті қоғамдастық төрағасы Ерлан Тоқтабаев.

Көлік өткелі облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен көлік байланысын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі үздіксіз қатынауына, жүк тасымалының тиімділігіне және өңір экономикасының дамуына жаңа мүмкіндік ашады.


#Абайская область, #Ақсуатский район, #мост