Облыс әкімі Кіндіктінің тыныс-тіршілігімен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданының ең шалғай ауылдарының бірі Кіндіктіде болып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімінің басппасөз қызметіне сілтеме жасап. Кіндікті аудан орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан. 700-ге жуық халық тұрады.

Аймақ басшысы әуелі Кіндікті ауылындағы жаңадан бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пунктте болды. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Қазіргі уақытта ауылдағы дәрігерлер 1962 жылы салынған медициналық пунктте жұмыс істеуде. Мұнда 775 тұрғын тіркелген. Сол мекемеде еңбек етіп келген 6 қызметкер енді жаңа ғимаратқа көшеді.

Облыс әкімі замануи құралдармен жабдықталған медициналық мекемені аралап көрді. Денсаулық сақтау басқармасына фельдшерлік-акушерлік пунктті тезірек іске қосуды тапсырды.

Аймақ басшысы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің де жұмысымен танысты. Білім ордасының негізі 1965 жылы қаланған. Қазіргі мектеп ғимараты 2013 жылы салынған. Мұнда 38 педагог жұмыс істейді. 125 оқушы білім алуда.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі даярлық сыныбында 10 бала тәрбиеленуде. Оқу орны қажетті оқулықтармен және әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі осы жерде ауыл ақсақалдарымен, мұғалімдермен кездесті. Елді мекен тұрғындары ауылға интернет тарту, жолды жөндеуге қатысты мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін, қазірдің өзінде бірқатар жұмыстардың басталып кеткенін айтты.
«Кіндікті ауылындағы интернет мәселесі жақын арада шешімін табады. Антенналық матчты құрылғы орнату жұмыстары басталып кетті. Осындай жұмыс Қызылкесік және Үштөбе ауылдарында да қолға алынады. Былтыр Кіндікті ауылына апаратын жолдың 24 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Биыл Кіндікті ауылындағы бір көшеге асфальт төселеді. Екі пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Басқа мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады», - деді облыс әкімі.
#Абайская область, #Ақсуатский район, #Берик Уали