Абай облысы Австралияның агротехнологиясын енгізбек

Абай облысы Австралияның агротехнологиясын енгізбек

Абай облысында қой шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Осы мақсатта өңірден барған бірқатар мамандар мен шаруашылық жетекшілері Австралияның New South Wales штатындағы ірі фермаларды аралап, озық агротехнологиялармен танысып қайтты. Сапар барысында қазақстандық делегация экспортқа бағытталған қой өсіру жүйесін, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту тәсілдерін және халықаралық нарыққа ет экспорттау тәжірибесін зерделеді. Мамандар әсіресе автоматтандырылған жем беру жүйесіне, цифрлық бақылау технологиясына және жайылымды қоршау арқылы мал бағу әдістеріне ерекше қызығушылық танытқан.

Облыс билігінің мәліметінше, енді осы тәжірибені Абай облысының жайылымдық аймақтарына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірдегі бірнеше шаруашылық автоматтандырылған бордақылау алаңдарын іске қосуға ниет білдірген. Сонымен қатар асыл тұқымды қой мен ірі қара мал әкелу бойынша да келіссөздер жүргізілген. Абай облысы 2030 жылға дейін қой шаруашылығын қарқынды дамытып, мал басын едәуір арттыруды көздейді. Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановтың айтуынша, бұл бағыттағы негізгі мақсат – саланы заманауи технология арқылы дамыту.

— «Бордақылау алаңдарын дұрыс жолға қою бағытындағы, одан кейін мал базарларында болдық. Біздің биылғы жоспарымызда Австралиялық технологиямен бордақылау алаңдарын құру бар. Қой, ұсақ малдың барлық саны 1 миллион 300 мыңды құраса, соны алдыңғы үш жылда 2 миллионға дейін жеткізу», — деді Думан Оспанов.

Мамандардың пікірінше, Австралия тәжірибесін енгізу өңірдегі мал өнімділігін арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейтуге де мүмкіндік береді.


#Абайская область, #Сельское хозяйство, #Австралия