Абай облысы: Шикізаттан – дайын өнімге, жергілікті өндірістен – экспортқа

Абай облысы: Шикізаттан – дайын өнімге, жергілікті өндірістен – экспортқа

Абай облысында ауыл шаруашылығы жаңа бағытқа бет бұрды. Шаруалар енді тек шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа шығаруға және экспортқа бағыттауға кірісті. Сонымен қатар, кейбір кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерін құрастыру өндірісін қолға алып, саланы әртараптандыруға үлес қосуда.

Үржар ауданында 2009 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан кәсіпкер Нұрбек Имашев дәнді-дақыл және ірі көкөніс алқаптарын игеріп отыр. Соңғы жылдары ол шаруашылығын кеңейтіп, өндірісті әртараптандыруға ден қойған.

Алғашында егін шаруашылығына қажетті тракторларды Қытайдан әкеліп құрастырған кәсіпкер, өткен жылдан бастап жинақтау өндірісін жолға қойған. Қазір тапсырыс бойынша ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерін құрастырады. Атап айтқанда, соқа, жер тегістейтін және тұқым себетін техникалар толықтай комплектілі түрде дайындалады. Жуырда алғашқы өнімдерін сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Қазақстанда құрастырылған тракторларға 30 пайыз көлемінде субсидия қарастырылған. Бұл отандық өндірісті ынталандырып, шаруаларға тиімді жағдай жасауда.

Аудандағы тағы бір кәсіпкер – Шаттық Ыдырыш. Ол күнбағыс майын шығаратын шағын зауытты іске қосуға дайын. Қуаттылығы жағынан шағын деп аталғанымен, кәсіпорын тәулігіне 100 тоннаға дейін сұйық май өндіре алады.

Бұған дейін өнімін шикізат күйінде өткізіп келген шаруа енді дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Қытай мен Өзбекстан тарапынан сұраныс жоғары. Зауыт толық іске қосылғанда 12 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын небәрі 20–23 күн ішінде құрастырылып, қазір іске қосуға дайын тұр.

Үржар ауданы – облыстағы ауыл шаруашылығы дамыған ірі аудандардың бірі. Жалпы 113 мың гектар егістік алқап бар. Өткен жылы аудан бойынша 152 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, оған 2 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған.

Ауданның жалпы ауыл шаруашылығы өнім көлемі 82 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Үржар ауданы облыста екінші орында тұр.

Жалпы, Абай облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 583,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім 101,1 пайызды құраған. Бұл өңірде саланы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу, техника құрастыру және дайын өнім экспортын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.

Шикізатты өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару және отандық техника өндірісін дамыту – ауыл шаруашылығының жаңа кезеңге өткенін айқындайды. Мұндай бастамалар тек кәсіпкерлердің табысын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Абай облысында басталған бұл үрдіс алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ішкі және сыртқы нарықтағы үлесін кеңейте түспек.


#Абайская область, #Сельское хозяйство, #Урджарский район