Абай облысында 400-ден астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Абай облысында пайдаланылмаған 428 жер учаскесі анықталды, олардың көбі жайылымдық алқаптар. Бүгінде 152,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жылдық жоспардың 90 % орындалды. Аймақта пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары туралы бүгін өңірдің басты ақпараттық алаңында облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Бейсенов мәлімдеді.
– Биыл жоспарланған 170 мың гектардың бүгінде 152,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Қайтарылған алқаптардың көбі — жайылым, қалған бөлігі егістік және өзге мақсаттағы жерлер. Осылайша игерілмеген 428 жер учаскесі анықталды, олардың басым бөлігі жайылымдық алқаптар, – деді А. Бейсенов.
Спикердің айтуынша, бұл жерлер алдағы уақытта ауыл шаруашылығы айналымына кезең-кезеңімен енгізілмек.
– Жер қорын мемлекет меншігіне қайтару бағытында Ақсуат, Жарма және Бесқарағай аудандары көш бастап келеді. Мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері жалпы аумағы 319 мың гектарға жуық пайдаланылмай жатқан 246 жер телімі анықталды. Тиісті құжаттар Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, қайтару рәсімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде, – деп түйіндеді спикер.
 
                     
     
                
            