Абай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 жоба қаржыландырылды

Абай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 жоба қаржыландырылды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бағдарламаны іске асыру аясында облыстың 10 ауданына қарасты 138 ауылдық округте скрининг жүргізіліп, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті айқындалды. Нәтижесінде барлық ауылдық округтер 2025 жылғы несиелеу бағдарламасына енгізілді. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 млрд теңге бөлініп, қаржы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістік кооперацияны дамыту және сүтті мал шаруашылығын қолдау бағыттарына жұмсалды. Қазіргі уақытта Amanatnesie.kz ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 863,8 млн теңгеге 48 өтінім қабылданған. Оның ішінде 534,4 млн теңгеге 25 жоба қаржыландырылды.

Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында облыс көлемінде тұрақты түрде жұмыс кеңестері өткізіліп, аудан әкімдіктерімен бірлескен түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, қайта өңдеу жобаларын дамыту және ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар жанданды. Бағдарлама аясында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сүт, ет және көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеу жобаларына басымдық берілуде. Сонымен қатар, биыл облысқа қосымша 4,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Алдағы уақытта ауылдық жерлерде сүт қабылдау пункттерін ашу, шағын өңдеу цехтарын іске қосу, көкөніс өсіру жобаларын кеңейту және қой шаруашылығын дамыту бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына және аудан әкімдеріне бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ 2026 жылға арналған жобалар пулын қалыптастырып, өтінімдерді уақтылы енгізу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

«Абай облысында ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, қызмет көрсету және басқа да бағыттарды дамытуға қажетті әлеует жеткілікті. Сондықтан біз үшін жобаны сапалы іске асыру, жеңілдетілген несиелердің мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру ерекше маңызға ие. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, олардың тұрақты табыс көздерін қалыптастыру арқылы ауылдық елді мекендердің орнықты дамуын қамтамасыз ету», – деді Берік Уәли.


#Абайская область, #Сельское хозяйство, #Ауыл Аманаты