Астана қаласында Абай облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Жәрмеңкеде Абай облысының Семей қаласы мен барлық аудандарының ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін ұсынуда,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жәрмеңке аясында жалпы көлемі 350 тоннадан астам 20-ға жуық өнім түрі саудаланады. Атап айтқанда: 130 тонна сиыр, жылқы және қой еті, 4 тонна құс еті, 80 тонна көкөніс өнімдері (картоп, сәбіз), 1 тонна өсімдік майы, 7 тонна сүт өнімдері, 70 тонна бал, 4 тонна ұлттық тағамдар, 2 тонна қымыз, 2 тонна шұжық өнімдері және 50 тонна бақша өнімдері сатылатын болады.

Абай облысының өнімдері сапасымен, экологиялық тазалығымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жоғары сапалы әрі дәмді өнімдерді қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар келушілер назарына Абай елі өнерпаздары «Абай елі – өнер кеніші» атты концерттік бағдарлама ұсынуда. «Дала сазы» этно-фольклорлық ансамблі, «Тұмар» би ансамблі, «Дала үні» акаппеласы, «Самғау» тобы және филармония мен эстрада-симфониялық оркестрдің солистері өнер көрсетуде.

#Абайская область, #Сельское хозяйство, #Астана, #ярмарка