Бруцеллезге қарсы 2 миллионға жуық мал басы тексерілді
Абай облысының Ветеринария басқармасы өңірде эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі және жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Ержан Барышев баяндады.
– Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорының мәліметтеріне сәйкес, облыс аумағында 781 987 бас ірі қара, 1 310 311 бас ұсақ мал, 4 281 бас шошқа, 406 529 бас жылқы және 567 бас түйе тіркелген. 2025 жылға арналған профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, эпизоотиялық салауаттылықты сақтау мақсатында ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың 11 аса қауіпті ауруына қарсы 7,5 миллионға жуық ветеринариялық манипуляция және 2 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған, – деді спикер.
Бруцеллезге қарсы тексеру барысында 1,9 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары (ірі және ұсақ мал) зерттеліп, ауруға оң нәтиже бергендері санитарлық сойысқа жіберілді.
– Жыл басынан бері бруцеллездің 1 ошағы тіркеліп, толық сауықтырылды. Сондай-ақ, аса қауіпті аурулар бойынша 5 ошақ (2 – қарасан, 3 – құтыру) анықталып, олардың екеуі жойылды, қалғандарында сауықтыру шаралары жалғасуда. Өткен жылмен салыстырғанда бруцеллез және аса қауіпті аурулар саны айтарлықтай азайған – тиісінше 25 және 9 ошаққа кеміді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Ержан Барышевтың айтуынша, ақпараттық жүйелер бойынша «TortTulik» қосымшасына 11 891 пайдаланушы, «ВСЭ» модуліне 83 сою нысаны, ал «TANBA» жүйесіне 10 591 үй жануары тіркелген.
- Облыста 10 626 қаңғыбас жануар ауланып, олардың 435-іне («ОСВВ» бағдарламасы аясында) ветеринариялық шаралар жүргізілді. Ветеринариялық нысандардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 2026–2027 жылдары жаңа станциялар, пункттер мен мал қорымдарын салу жоспарлануда. Жалпы, өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты және басқарманың тұрақты бақылауында, - деп түйіндеді Ержан Барышев.
#Абайская область, #Сельское хозяйство