Облыс әкімі «Ағайындар» шаруа қожалығының жұмысымен танысты

Облыс әкімі «Ағайындар» шаруа қожалығының жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жасаған жұмыс сапары барысында «Ағайындар» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2023 жылы құрылған шаруашылық мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытып, қысқа уақыт ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 

Қожалықтың жалпы жер көлемі – 6 106 гектар. Оның ішінде 3 597 гектары егістік, 1 809 гектары жайылым және 700 гектары шабындық. Мұнда 22 адам еңбек етеді және 40-қа жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Қазіргі таңда шаруашылық майлы дақылдарды өсіру және өсімдік майын өндіру жобасын қолға алып жатыр. Бұл жоба аясында 42 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026–2027 жылдар. Соңғы екі жылда бекітілген 222 гектар жерден жоғары өнім алынған. Ал 2024 жылы шаруашылыққа 3 306 гектар егістік алқап уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілді. 

2025 жылға арналған егіс жоспарына сәйкес, 507 гектар жерге бидай, 1 758 гектар жерге күнбағыс дақылы егілді. Шаруашылық егістік көлемін ұлғайтуға ниетті. Қожалық иелері аймақ басшысынан осы мақсатта 2 мың гектардан аса жер телімін бөлуге көмектесуді сұрады.

«Қазіргі уақытта өңіріміздің аграрлық әлеуетін толық іске асыру үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу — басты міндеттердің бірі. «Ағайындар» сияқты іскер азаматтар жерді тиімді игеріп, өнім көлемін жылдан жылға ұлғайтып келеді. Біз осындай бастамаларды қолдаймыз. Алдағы уақытта жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсететін боламыз», – деді аймақ басшысы.


#Абайская область, #Сельское хозяйство