Ақтоғай және Қопа ауылын дамытудың жол картасы әзірленеді
Бүгін Абай облысының әкімі Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сапар барысында Нұрлан Ұранхаев «KAZ Minerals Aktogay» мыс өндіру кәсіпорнының қызметімен және жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен танысты. Компания мыс кенін өндіру, байытуға маманданған және 2022-2027 жылдар аралығында жылына 170 мың тоннаға жуық мыс өндіруді жоспарлап отыр.
Кешен құрамына кіретін сұйық экстракция және электролиз зауыты жылына 25 мың тонна катодты мыс өндіре алады. Бұдан бөлек, компанияның меншігінде жыл сайын 25 мың тонна өңделген руда, 383,625 мың тонна мыс концентраты және 3,644 мың тонна молибден концентратын өндіретін зауыт бар.
Сапар барысында әкім мыс өндіру кәсіпорнының базасында, кеніштің техникалық қызмет көрсету орнында және «Тұран» вахталық лагерінде болды. Бұл нысанда кәсіпорын қызметкерлері үшін барлық қажетті жағдайлар, соның ішінде тұрғын үй, спорт залы, асхана және демалыс орны қарастырылған.
Сондай-ақ, өңір әкімі Қопа және Ақтоғай ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар жұмыспен қамту және «KAZ Minerals» кәсіпорнынан шыққан қалдықтарға тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізу, ауыз су, ауыл арасындағы жолдың жағдайы, ішкі жолдар және балалар ойын алаңдарының жоқтығы мәселелерін көтерді.
«Басқарма басшылары аудан әкімдігінің өкілдерімен бірлесе отырып, тұрғындардың ұсыныстары негізінде Қопа және Ақтоғай ауылдарының Жол картасын әзірлеп, оған жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер енгізілсін. Бұл белгіленген жоспарға сәйкес мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі деңгейінде «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС басшылығымен кездесу өткізуді, компания басшылығының, Ақтоғай кентінің қоғамдық кеңесінің және аудан әкімінің қатысуымен үшжақты диалог ұйымдастыруды ұсынамын. Ақпараттық жұмыстарды жүргізу үшін облыс әкімдігі су саласының мамандарын тартады», - деді Нұрлан Ұранхаев.
#Абайская область, #Аягоз, #Аким области Абай