Курчатов қаласы мен Абай ауданында әкім сайлауы өтеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VIII шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында биыл елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін атап өткен болатын. Әкімдері сайланғалы отырған 45 өңірдің 2-еуі Абай облысына тиесілі. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі EGEMEN QAZAQSTAN газетінің тілшісіне сілтеме жасап хабарлайды.
орай өткен аптада Абай облысы мәслихатының кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Абай облыстық мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов және мемлекеттік мекемелердің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Абай облысы мәслихатының шешімімен пилоттық өңірлер – Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімдерінің сайлауы 5 қараша күні өтеді деп бекітілді. Сессия барысында айтылғандай, бұл сайлау – Президент тапсырмасының орындалуының айқын көрсеткіші, сондай-ақ ел тарихындағы жергілікті аудан (қала) әкімдерінің сайлау рәсімдерін өткізудегі алғашқы тәжірибе болып саналады.
Бұдан өзге сессияның күн тәртібінде Абай облысының аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауын өткізу бойынша қанатқақты өңірлердің тізбесін белгілеу, Аягөз ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу, Абай облысы мәслихатының 2022 жылы 18 қарашадағы «Абай облысы бойынша жер комиссиясы құрамын бекіту туралы» шешіміне (№10/63-VII) өзгерістер енгізу, Абай облысының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы мәселелері қаралды.