Облыс әкімі 4 аудандағы су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексерді
Облыс әкімі Берік Уәли Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатовпен бірге Үржар, Аягөз, Көкпекті, Жарма аудандарының су басу қаупі бар аумақтарын, Егінсу, Шар су қоймаларын және Ворошилов магистральдық каналын тексерді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Аймақ басшысы әуелі Үржар ауданындағы Егінсу су қоймасын әуеден бақылады.

Аягөз ауданындағы Бозай көпірінің жағдайымен танысты. Былтыр көктемде өткелді су шайып, Бозай елді мекенінің тұрғындары көлік қатынасынсыз қалған еді.

Аягөз ауданының әкімі аймақ басшысына қазіргі уақытта көпірді нығайту жұмысын жүргізіп жатқанын айтты. Осы жерде елді мекен тұрғындары облыс әкіміне келіп, көпір құрылысының созылып кеткеніне байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірді.
Көлік өткелінің қазіргі жағдайының сын көтермей тұрғанын, су басу қаупі бар екенін жеткізді.
Облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көпірдің жағдайын көруге арнайы келгенін айтты.
«Кабинетте шешім шығармай, мәселені өз көзіммен көрейін деп келіп отырмын. Қазір біз бірінші кезекте көпірді су шайып кетуіне жол бермеудің жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін аудан әкімдігі Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп судың арнасын көпір астына қарай бұру қажет. Бұл жұмысты қазір бастау керек. Көпірдің жағдайы тікелей менің қадағалауымда болады» деген аймақ басшысы аудан әкіміне көпір жағдайын күнделікті бақылауда ұстап, баяндап отыруды тапсырды.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарына Бозай көпірінің жобалық сметалық құжаттамасы дайын екенін жеткізіп, жаңа көпір салу мәселесін қарастырып, тиісті шешім қабылданатынын айтты.
Аймақ басшысы Көкпекті ауданының көктемгі су тасқынына қарсы дайындығын тексерді. Қазіргі уақытта ауданның қалың қар жауған 3 ауылында қар шығару жұмысы жүргізілуде. Осы уақытқа дейін аудан аумағынан 34,2 мың текше метр қар шығарылды. Ауданның тасқын қаупі бар елді мекендеріне 795 тонна инертті материал, 5 тонна жанар жағармай, 20 тонна дизель отыны жеткізілген. Ауданда 12 арнайы техника бар. 62 арнайы техниканы көмекке тарту үшін 35 меморандум жасалынған.

Ауданның Көкжайық ауылдық округінің аумағындағы Ворошилов магистральдық каналы бойында ешкімге ескертпестен бөгелген қосымша өзен арнасы анықталған. Заң аясында жауапқа тарту үшін құзырлы органдарға хат жолданған. Қазіргі уақытта қауіпті сейілту мақсатында Көкпекті өзенінің екінші сағасы тазартылуда.
Аудан әкімдігі аймақ басшысына су тасқыны туындаған жағдайда жұмылдырылатын техникалар жиынтығын таныстырды.
Облыс әкімі Көкпекті ауданы өңірдегі су басу қаупі бар аудандардың қатарында екенін еске салып, дайындық шараларын күшейтуді тапсырды.
«Мақаншы, Үржар, Аягөз аудандарына арнайы барып, су тасқынына дайындық барысын көрдім. Қазіргі таңда өңірдегі ахуал тұрақты. Дегенмен босаңсуға болмайды. Облыстың әр ауданындағы тасқын қаупі бар елді мекендерді тұрақты бақылауда ұстаймыз. Күнделікті мониторинг жүргіземіз», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Көкпекті ауданынан кейін жол-жөнекей Жарма ауданындағы Шар су қоймасына бұрылып, ахуалды әуеден бақылады.
#Абайская область, #Аягоз, #Аким области Абай, #Урджарский район, #Кокпектинский район