Облыс әкімі Мақаншы ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады
Облыс әкімі Мақаншы ауданындағы жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарда болды,- -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аймақ басшысы Мақаншы аудандық ауруханасының жұмысымен танысты. Медициналық нысанда 482 адам жұмыс істейді. Жылына төрт мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық сметалық құжаттамасы әзірленген. Ауруханада кардиолог, травматолог, инфекционист мамандары жетіспейді. Облыс әкімі аудан әкімі мен аурухана басшысына медициналық кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін білікті мамандарды жұмысқа тартуды, оларды баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мақаншы жаңадан ашылған аудан болғандықтан, барлық тұрғыдан көмек беруге дайынбыз. Аудандағы халық саны 25 мыңнан асады. Алакөлге келетін турист көп. Оларды кез келген уақытта қабылдауға дайын болуымыз керек. Сол себепті аурухананы заман талабына сай жабдықтап, күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет» - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудан орталығындағы Әсет Найманбай атындағы музейдің жұмысымен де танысты. Мұнда әнші өмірінен сыр шертетін 2 мыңға жуық жәдігер қойылған. Музейде жергілікті ақсақалдар облыс әкіміне нысанды күрделі жөндеуден өткізуге көмек көрсетуді сұрады. Кезінде өңір жұртын өнерімен тамсандырған «Інжу-Маржан» ансамблін қайта жандандыру туралы ұсыныстарын айтты. Облыс әкімі Мәдениет басқармасына тарихы терең «Інжу-Маржан» ансамбілін жаңғырту керектігін тапсырды.

Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары барысында Бақты ауылының сыртындағы бөгенді көрді. Екі жыл бұрын көктемгі су тасқыны кезінде Бақты ауылындағы екі үйдің ауласына су кірген болатын.

Аудан әкімі Дәурен Қойгелдин аймақ басшысына сақтық шараларын күшейту мақсатында қосымша бөгет пен құбыр орнатылғанын айтты. Облыс әкімі тасқынға қарсы дайындық шараларын күшейтіп, таудан келетін суды да қаперден шығармау керектігін ескертті.
#Здоровье, #Абайская область, #Аким области Абай, #культура, #Маканчинский район