Бородулиха ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше көше жаңартылды
Ауданда жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 718 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 96 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 272 шақырым, ал аудандық маңызы бар жолдар – 337 шақырым. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев баяндады.
- Биыл республикалық маңызы бар «Семей – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытының 19–46 шақырымдық бөлігінде ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстар өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, транзиттік әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Облыстық маңызы бар жолдарда да бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды. «Воскресеновка – Петропавловка – Шелехово – Белағаш – Дмитриевка» бағыты бойынша шұңқырларды жамау жұмыстары атқарылды. Ал «Новопокровка – Петропавловка – Ресей Федерациясының шекарасы» жолының 20 шақырымдық бөлігіне күрделі жөндеу қажеттілігі туындап отыр. Сонымен бірге «Бородулиха – Жезкент» жолының 0–12 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Дмитриевка – Бородулиха – облыс шекарасы» бағытының бірнеше учаскесінде де жол жабындысын қалпына келтіру қолға алынған, - деп атап өтті аудан әкімі.
Спикердің айтуынша, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 337 шақырымды құрайды, олардың 74,2 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қазіргі таңда «Новопокровка – Белағаш» және «Бородулиха – Жерновка – Поллог» бағыттарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
- Сонымен қатар елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу де назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Песчанка және Зенковка ауылдарының көшелері жаңартылып, аудандық бюджет есебінен Бородулиха, Новопокровка, Зубаир және Новая Шульба ауылдарында да тиісті жұмыстар атқарылды, - деп түйіндеді Айдар Ибраев.
#Абайская область, #Бородулихинский район