«943 – ЕЛДІҢ НЫСАНАЛЫ МЕКТЕПТЕРІН ДАМЫТУ» жобасы Абай облысында жүзеге асырылуда
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Үкімет аппаратымен және білім басқармаларымен бірлесіп өткен жылдан бастап «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес нысаналы мектептермен жұмыс жасау үшін әрбір өңірде Жобалық кеңсе құрылған. Қазіргі күні Абай облысында да кеңсе өз жұмысын атқаруда. Бұл туралы Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Абзалиқызы атап өтті.
- Нысаналы мектептерді дамыту жобасы аясында Жобалық кеңсе құрылды. Кеңсенің мақсаты - нысаналы мектептерге әдістемелік қолдау көрсету, ал негізгі міндеті – жобаны өңірлерде тиімді басқару және үйлестіруді қамтамасыз ету. Жобалық кеңсенің құрамына облыстық - әдістемелік орталық басшысының орынбасары және әдіскер-менторлар кіреді. Сонымен қатар ғалымдар, білім беру саласындағы сарапшылар, «Болашақ» бағдарламасының және Назарбаев Университетінің түлектерін тарту жоспарланып отыр, олардың тәжірибесі мен білімі жобаның сәтті жүзеге асуына ықпал етеді, - дейді Айжан Абзалиқызы.
Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (МОДО), Ұлттық бірыңғай тестілеу (ЕНТ), мемлекеттік аттестаттау кезіндегі кешенді тестілеу нәтижелері негізінде білім беру сапасының Композиттік индексі жасалған. Білім беру сапасының Композиттік индексі негізінде ел бойынша 943 нысаналы мектеп анықталып, Абай облысы бойынша нысаналы мектеп саны – 80-ді құраған.
- Тамыз кеңесіндегі «Баршаға қолжетімді сапалы білім: мектептерді бірлесіп дамыту стратегиялары» секциялық отырысында аудандық/қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлері, кабинет меңгерушілері, нысаналы мектеп директорларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Абай облысы бойынша нысаналы мектеп саны – 80. Оның ішінде 53 мектеп - І ағымда, 27 мектеп - ІІ ағымда, - деп атап өтті Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Мектептермен жұмыс істеуге облыс бойынша 30 әдіскер-ментор тағайындалды. І ағымдағы нысаналы мектептермен жұмысты 22 әдіскер үйлестіруде. Олар «Әдістемелік қызметті трансформациялау» курсынан толық өткен. Сондай – ақ әдіскерлерге жыл бойы курстан кейінгі қолдауды Өрлеу біліктілікті арттыру орталығы көрсететіндігін Облыстық инновациялық – әдістемелік орталық директорының міндетін атқарушы Айнур Серғалиқызы жеткізді.
- Абай облысы бойынша нысаналы мектептердің бастауыш сынып және 10 пән бойынша 2209 педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Курс 3 деңгейлі кешенді базалық, негізгі, ілгерінді бағдарламаны қамтиды. Нысаналы мектептердің білім алушыларынан бастапқы білім кескіні алынды. Нәтижесі талданып, олқылықтар анықталады. Төмен білім сапасын көрсеткен мектептерге әдіскерлер тарапынан әдістемелік көмек көрсетілуде, - деп баяндады Айнур Серғалиқызы.
Нысаналы мектептерге арналған арнайы KPI әзірлген. KPI облысымыздың соңғы екі оқу жылындағы, яғни 2022-2023 және 2023-2024 оқу жылындағы білім сапасы туралы деректер негізінде автоматты түрде анықталады.
- Мектептегі білім сапасының өсімі сыртқы бағалау нәтижелерімен салыстырылады. Жыл бойы Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО), НЗМ, БИЛ, РФММ және басқа да провайдерлер тестілеу өткізеді. KPI төрт деңгей бойынша анықталмақ. Ол, білім сапасындағы «әлсіз» өсім, «жақсы» өсім, «жоғары» және «өте жоғары» өсім болып. Алдағы уақыттағы біздегі мақсат Абай облысының нысаналы мектептерінің білім сапасын 1,87%-дан жоғары деңгейдегі көрсеткішке көтеру, - деп қорытындылады спикер.
#Абайская область, #Знание, #школа