Абай облысында ауыл оқушыларына арналған IQanat олимпиадасының ІІ кезеңі өтті
Наурыз айында еліміз бойынша IQanat олимпиадасының екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңге ауыл мектептерінен іріктелген 10 мыңға жуық 8-сынып оқушысы қатысуда. Олар – алғашқы кезеңде бақ сынаған 50 мың үміткердің ішінен озып шыққандар.

Абай облысында ІІ тур 21-25 наурыз аралығында өтті. Олимпиадаға жолдама алған 336 оқушының 314-і қатысып, өз білімдерін сарапқа салды.
Салтанатты ашылу рәсіміне «IQanat» республикалық білім беру қорының директоры Азамат Ашамаев пен облыстық қамқоршылар кеңесінің мүшесі Айдос Таңсыққожин қатысты. Бұл кезеңнен өткен оқушылар Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін білім алу, сондай-ақ кәсіби бағдар, ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен ІТ саласындағы дағдыларды қамтитын үш жылдық қолдау бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Биылғы олимпиаданың ерекшелігі – Peer-to-Peer жобасы. Бұл бастама аясында жоғары сынып оқушылары мен түлектер өзінен кейінгі буынға тәлімгер ретінде білім жолын нұсқайды. Игі дәстүрге айналған бұл жоба – «Giving Back» қағидатының нақты көрінісі.

IQanat түлектерінің 94%-ы қазіргі таңда Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттерінде білім алады. Бағдарлама ауыл оқушыларына сапалы білім мен жарқын болашаққа жол ашады.
#Абайская область, #Знание, #олимпиада